ВИДЕО: «Қайрат» «Андерлехтпен» матч алдында жаттығу өткізді
«Қайрат» УЕФА Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі «Андерлехтке» қарсы қарымта матч алдында жаттығу өткізді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстан чемпионының футболшылары 26 тамызда Брюссельдегі «Лотто Парк» стадионының алаңына шықты. Алматылық клубтың баспасөз қызметі ойын алдындағы жаттығудан кадрлар ұсынды.
Кадрлардан Азамат Тұякбаев, Еркін Тапалов, Шерхан Қалмырза, Александр Мартынович және команданың бас бапкері Рафаэль Уразбахтинді көруге болады.
Бұған дейін «Андерлехт» бас бапкері «Қайратты» ірі есеппен жеңгеннен кейін алматылық команданы менсінбеу туралы пікір білдірген болатын.
Еске салайық, Еуропа лигасының іріктеу кезеңіндегі плей-офф раундының «Андерлехт» пен «Қайрат» арасындағы қарымта матчы 27 тамызда Астана уақытымен 23:45-те Брюссельде өтеді.
Алматыдағы Орталық стадионда өткен алғашқы кездесу қонақтардың 3:0 есебімен сенімді жеңісімен аяқталды. Жұп жеңімпазы Еуропа лигасының негізгі кезеңінде ойнайды, ал жеңілген команда Конференциялар лигасының дәл осы кезеңіне түседі.