«Бешикташ» футболшылары мінген ұшақ Еуропа лигасы матчына дейін найзағайға тап болды
Түркиялық «Бешикташ» делегациясы мінген ұшақ Еуропа лигасының жалпы кезеңіндегі бесінші турда Израильдің Беэр-Шевадағы «Хапоэлімен» кездесуге Грузияға бет алған кезде күрделі жағдайға тап болды, деп хабарлайды Sports24.kz
Түрік БАҚ-тарының мәліметінше, ұшақ 25 қараша күні түстен кейін Ыстанбұлдағы Сабиха Гөкчен әуежайынан көтерілген. Ұшу кезінде әуе кемесі қатты турбуленттілікке тап болды. Клуб өкілдерінің хабарлауынша, оған бірнеше рет найзағай да түскен.
Қатты жаңбыр мен бұршақ салдарынан ұшақ Батумиге қона алмады. Грузия әуе кеңістігінде бірнеше айналым жасағаннан кейін экипаж бағытын өзгертіп, Түркиядағы Ризе-Артин әуежайына бет алуға шешім қабылдады.
«Бешикташ» өкілдері бұл рейсті аса ауыр сапар деп сипаттады. Goal мәліметінше, клуб қызметкерлерінің бірі болған оқиғаны өміріндегі ең қобалжулы ұшу деп атаған.
Мәжбүрлі қонудан кейін команда Батумиге автобуспен жолын жалғастырды. Бағыттың өзгеруіне байланысты бас бапкер Винченцо Итальяноның матч алдындағы баспасөз мәслихаты да өтпейтін болды.
Айта кетейік, «Бешикташ» пен Беэр-Шевадағы «Хапоэль» арасындағы кездесу 26 қарашада Грузияда өтеді. Бастапқыда матч Ыстанбұлда өтуі керек болған, алайда Түркия мен Израиль арасындағы саяси шиеленіс аясындағы қауіпсіздік мәселелеріне байланысты УЕФА ойынды бейтарап алаңға көшірді.