«Құрмет бәрінен жоғары» – «Андерлехт» қақпашысы «Қайратты» жеңгеннен кейін
Бельгияның «Андерлехт» клубының қақпашысы Колин Косеманс Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі қарымта матчта қазақстандық «Қайратты» жеңгеніне баға берді, деп хабарлайды Sports24.kz.
«Біз қарымта ойынға қарсыласымызға құрметпен қараған күйде келдік. «Қайрат» болсын, ПАОК болсын немесе тіпті жолдастық матчтар болсын, құрмет бәрінен жоғары. Соңғы уақытта қол жеткізген нәтижелеріміздің арқасында өзімізге сенімді сезіне аламыз деп ойлаймын. Бұған дейін өткізген ойындарымыздан біздің қарқынымыз бен жеңіске деген құлшынысымыз көрініп тұр деп үміттенемін. Жеңіске аш екенімізді және қандай да бір жетістікке қол жеткізгіміз келетінін көрсете алдық», – деді Колин Косеманс.
Еске салайық, екі матчтың қорытындысы бойынша «Қайрат» Бельгияның үздік клубынан алты гол өткізіп алды. Алматылық команда өз алаңында да, сырт алаңда да 0:3 есебімен жеңілді.
Бұған дейін «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин қарсыластың объективті түрде мықты болғанын мәлімдеген еді.
Енді алматылық клуб Конференциялар лигасында өнер көрсетеді.
Осылайша, «Андерлехт» Еуропа лигасының негізгі кезеңінде ойнайды, ал «Қайрат» күзде Конференциялар лигасында бақ сынайды. УЕФА Еуропа лигасы-2026/27 және Конференциялар лигасы-2026/27 жалпы кезеңдерінің жеребелері 28 тамыз күні Астана уақытымен 17:00-де өтеді.
«Қайраттың» ықтимал қарсыластары қатарында «Аталанта» (Италия), «Брага» (Португалия), «Аякс» (Нидерланд), «Фрайбург» (Германия), «Монако» (Франция) және «Копенгаген» (Дания) сияқты клубтар бар.