Уразбахтин Сатпаевтің Чемпионшип клубына жалға берілуі туралы пікір білдірді
Алматының «Қайрат» командасының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин «Челсидің» қазақстандық шабуылшысы Дастан Сатпаевтың «Бернлиге» жалға берілуі туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Маманның пікірінше, Чемпионшип клубына жалға берілу Дастан үшін өте жақсы мүмкіндік.
«Сатпаев Алонсоға барып сөйлесті. Хаби Дастанға тәнті, оған ұнайды. Бірақ бапкер оның әзірге негізгі құрамда тұрақты шыға алмайтынын түсінеді. "Челси" шабуыл шебіне көптеген ойыншыны алды, жалпы ойыншылар өте көп. Алайда Алонсо Сатпаевтың Англияда, дәл жанында қалып, жалға болса да тұрақты ойын практикасына ие болғанын қалайды. Оған бірден айтты: "Біз сені "Страсбургке" де, Еуропаның басқа клубтарына да жібермейміз".
"Бернлиге" жалға берілу — өте жақсы нұсқа. Сатпаев Англияда қалады, ал Чемпионшип – өте мықты, қарқынды чемпионат. Клубтар арасындағы жалға беру келісімінде Дастанның алаңға шығу уақыты нақты көрсетіледі деп сенемін. Бұл оған үлкен пайдасын тигізеді», — деп келтіреді Уразбахтиннің сөзін "Чемпионат".
Айта кетейік, «Бернли» өткен маусым қорытындысы бойынша Англия чемпионатының жоғарғы дивизионынан түсіп қалды және жаңа маусымды Чемпионшипте бастайды.
Еске салайық, 18 жасқа толғаннан кейін Сатпаев Лондон клубымен алты жылдық келісімшартқа қол қойды. Сондай-ақ келісімде тағы бір маусымға ұзарту мүмкіндігі қарастырылған.