Дастан Сәтпаев тарихы терең клубқа аттанбақ: «Бернли» туралы не білеміз?
Дастан Сәтпаев Англиядағы мансабының жаңа кезеңін бастауға жақын. 18 жастағы қазақстандық футболшы «Челсиден» «Бернлиге» бір маусымға жалға ауысуы мүмкін.
Sports24.kz қазақстандық футболдың басты таланттарының бірі өнер көрсетуі ықтимал клуб туралы мәліметтерді жинақтады.
Британдық БАҚ мәліметінше, Сәтпаев «Бернлидің» орналасқан жеріне келіп үлгерген және медициналық тексерістен өтуі тиіс. Осыдан кейін тараптар жалға алу келісімін ресми түрде рәсімдей алады. Жас шабуылшы үшін бұл ауысым ең алдымен ересектер футболында тұрақты ойын тәжірибесін жинап, ағылшын футболына бейімделуге мүмкіндік бермек.
Ғасырдан астам тарихы бар клуб
«Бернли» – Англия футболындағы бай тарихы бар командалардың бірі. Клуб 1882 жылы құрылған және Футбол лигасының негізін қалаушылардың қатарында болған. Ұзақ тарихында «Бернли» ағылшын кәсіби футболының төртінші дивизионынан бастап Премьер-лигаға дейінгі жолдан өтті.
Команданың ең үлкен жетістіктері XX ғасырға тиесілі. «Бернли» Англия чемпионы атағын екі рет – 1920/21 және 1959/60 маусымдарында жеңіп алды. Ал 1914 жылы команда Англия кубогының финалында «Ливерпульді» 1:0 есебімен жеңіп, тағы бір ірі жүлдеге қол жеткізді.
«Бернлидің» Еуропа аренасында да өзіндік тарихы бар. 1959/60 маусымындағы чемпиондықтан кейін команда Еуропа чемпиондары кубогына қатысып, 1960/61 жылғы турнирде ширек финалға дейін жетті. Бұл кезеңде ағылшын клубын германиялық «Гамбург» тоқтатты.

Төртінші дивизионнан элитаға дейін
«Бернлидің» тарихы тек жеңістерден тұрған жоқ. 1976 жылы жоғары дивизионнан түсіп қалғаннан кейін команда ағылшын футболының төменгі сатыларына қарай сырғи бастады. 1980-жылдардың ортасында клуб төртінші дивизионға дейін түсіп, 1987 жылы тіпті кәсіби мәртебесінен айырылып қалуға шақ қалды.
Соған қарамастан «Бернли» қиын кезеңнен шығып, біртіндеп жоғары деңгейге оралды. XXI ғасырда команда бірнеше рет Премьер-лигаға жолдама алды.
Клуб үшін ерекше маусымдардың бірі 2017/18 жылдары болды. «Бернли» Англия чемпионатын жетінші орынмен аяқтап, 51 жылдан кейін алғаш рет еурокубокқа қатысу құқығына ие болды.
Қазір «Бернли» Англия футболындағы маңызы жағынан екінші дивизион саналатын Чемпионшипте өнер көрсетеді.

«Терф Мур» – XIX ғасырдан бері «Бернлидің» үйі
Клубтың үй стадионының да тарихы терең. «Бернли» 1883 жылдан бері кездесулерін «Терф Мурда» өткізіп келеді. Сәтпаев та ықтимал жалға алу келісімін рәсімдеу алдында дәл осы жерге келген.
Команданың дәстүрлі түстері – бордо және көгілдір. «Бернли» бұл түстерді 1910 жылдан бері пайдаланады. Сол кезеңде Англияның жетекші клубтарының бірі болған «Астон Вилланың» түстері үлгі ретінде алынған.
«Бернлидің» басты қарсыласы – «Блэкберн Роверс». Екі команданың кездесуі Шығыс Ланкашир дербиі ретінде белгілі. Бұл текетірестің тарихы бір ғасырдан асады, ал олардың алғашқы ресми кездесуі сонау 1888 жылы өткен.

«Бернли» Сәтпаевқа не бере алады?
«Бернлиге» жалға ауысу Сәтпаев үшін жастар футболынан «Челсидің» негізгі құрамындағы орынға таласуға дейінгі маңызды кезең болуы мүмкін.
Чемпионшип жоғары қарқынымен, физикалық күресімен және тығыз күнтізбесімен ерекшеленеді. Бір маусым ішінде командалар көптеген кездесу өткізетіндіктен, жас футболшылардың тұрақты тәжірибе жинауына мүмкіндік мол.
Сондықтан «Бернлидегі» бір маусым Сәтпаевқа ағылшын футболының ерекшеліктеріне толық бейімделіп қана қоймай, ересектер деңгейінде өзін көрсетуге жақсы мүмкіндік бермек.