Дастан Сәтпаев «Бернлиге» ауысқаннан кейін алғашқы сұқбатын берді
Дастан Сәтпаев «Бернлиге» ауысқаннан кейінгі алғашқы әсерімен бөлісті. Қазақстандық футболшы жалға ауысуды мансабындағы маңызды кезең ретінде қабылдайтынын және Англияда берілген мүмкіндікті барынша пайдалануға ниетті екенін айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
18 жастағы шабуылшы жаңа командаға қосылғанына қуанышты екенін жеткізіп, «Бернли» сапында өз мүмкіндігін көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
«Мұнда келгеніме өте қуаныштымын. Бұл – мансабымда алға қадам басуға берілген тамаша мүмкіндік. «Бернли» - өзімді және неге қабілетті екенімді көрсетуге қолайлы клуб», – деді Сәтпаев.
Қазақстандық футболшының басты мақсаттарының бірі – команданың Англия Премьер-лигасына қайта оралуына көмектесу. Дастан жаңа клубының нәтижесіне өз үлесін қосуға дайын екенін айтты.
«Команданың өз орнын қайта табуына көмектескім келеді. Бұл – менің ағылшын футболындағы алғашқы тәжірибем, сондықтан алдымда жаңа кезең басталып отыр. Мен оған дайынмын және «Бернлимен» бірге табысқа жеткім келеді», – деп қосты шабуылшы.

Сәтпаев «Бернлиге» «Челсиден» маусым соңына дейін жалға ауысты. Бұған дейін қазақстандық футболшы лондондықтардың негізгі құрамымен бірге маусым алдындағы дайындықтан өтіп, бірнеше жолдастық кездесуге қатысты.
18 жасқа толғаннан кейін Сәтпаев ресми түрде «Челсиге» қосылып, клубпен жеті жылдық келісімшартқа қол қойды. Келісімде оны тағы бір маусымға ұзарту мүмкіндігі де қарастырылған.