locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Уразбахтин Канье Уэст концертінен кейінгі алаңның жағдайы туралы айтты

Рафаэль Уразбахтин Еуропа лигасындағы матч алдында «Андерлехтке» баға берді
Уразбахтин Канье Уэст концертінен кейінгі алаңның жағдайы туралы айтты
ФОТО: Қайрат ФК

«Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде бельгиялық «Андерлехтке» қарсы өтетін алдағы матч туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.

Кездесу алдында маман Алматыдағы Орталық стадион көгалын да сөз етті. Бұған дейін әлеуметтік желіде Канье Уэст концертінен кейінгі алаңның суреттері мен видеолары тараған еді.

«Мен алаңды әлі көрген жоқпын, тек суреттерден көрдім. Біздің агроном Виктор көрсетті. Жалпы, жағдайы жаман емес дейді. Жеті күн бойы төсеніштің астында температура жоғары болғандықтан, көгал аздап сарғайған. Кейбір жерлері күйіп кеткен. Бірақ жалпы жағдайы жаман емес деп түсіндім», - деді Уразбахтин.

Сондай-ақ алматылықтардың бапкері команда «Андерлехтті» жан-жақты зерттегенін айтты. Оның сөзінше, бельгиялық клубтың құрамында жас футболшылармен қатар тәжірибелі ойыншылар да бар.

«Әрине, біз қарсыластың ойындарын көрдік, зерттедік. Жақсы команда, атақты клуб. Мендегі ақпарат бойынша, бұл Бельгия чемпионатындағы ең жүлделі клуб шығар. Құрамында жас жігіттер көп, тәжірибелі ойыншылар да бар. Бапкері де жақсы, танымал, мықты командаларда жұмыс істеген. Алдыңғы матчты алсақ, меніңше, ПАОК келесі кезеңге өте алатын еді. Грекияда жылдам жіберілген гол мен соғылмаған пенальтилер әсер еткен шығар. Жалпы, грек командасының басымдығы айқын болды. Бірақ қарсылас есепте алда болғандықтан, нәтижеге қарай ойнаған болуы да мүмкін. Жалпы, жақсы команда, сапалы футболшылар. Бірақ, менің ойымша, жеңуге болмайтын қарсылас жоқ, кез келген командамен ойнауға болады. Сондықтан біз жетістікке сенеміз және ертеңгі кездесуде оң нәтижеге қол жеткізуге тырысамыз», - деді бапкер.

Еуропа лигасы плей-офф кезеңіндегі «Қайрат» пен «Андерлехт» арасындағы алғашқы матч 20 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Қарымта кездесу 27 тамызда Брюссельде болады.

Бельгиялық команда үшін Алматыға сапар клуб тарихындағы еурокубок аясындағы ең алыс сапар болмақ. «Андерлехт» шамамен 5200 шақырым жол жүреді, ал ұшу уақыты тоғыз сағатқа жуықтайды.

Бұған дейін «Қайрат» Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде Болгарияның «Левски» клубына екі матч қорытындысы бойынша 0:2 есебімен жол беріп, жарыстағы өнерін аяқтаған еді.

Аружан Темірбек
Аружан Темірбек
Редактор
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie