«Тобыл» «Ордабасыны» жеңіп, чемпиондық жарысқа қайта оралды
Қазақстан Премьер-лигасының тоғызыншы турынан кейінге шегерілген матчта Қостанайдың «Тобылы» Шымкенттің «Ордабасысын» минималды есеппен тізе бүктірді (1:0).
Кездесудегі есеп әлі бірінші таймда ашылды — Ислам Чесноков он бір метрлік айып добын дәл орындады, бұған дейін Улар Жақсыбаев айып алаңына берілген пасты қолмен тоқтатып қалған болатын. Осыдан кейін қос команда да есепті өзгертуге бірнеше мүмкіндік алды, алайда екі қақпашы да өз шеберлігін көрсетіп, қақпа сызығында сенімді ойнады.
ҚПЛ, 9-тур
«Тобыл» — «Ордабасы» — 1:0 (1:0)
Гол: Чесноков, 14 (пенальти)
Енді «Тобыл» чемпиондық жарысқа толыққанды оралды: маусымның аяқталуына үш тур қалғанда қостанайлықтар «Астанадан» үш ұпайға, ал көш бастап тұрған «Қайраттан» бес ұпайға қалып келеді. «Ордабасы» жетінші орында қалды.
Еске сала кетейік, «Тобыл» – «Ордабасы» матчында бір минуттық үнсіздікпен Виктория Қайсаринованы еске алды.