«Тобыл» Конференция лигасында келесі кезеңге жолдама алды
Қостанайлық «Тобыл» еурокубоктардағы жорығын жалғастырады. Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінің қарымта матчында қазақстандық клуб тек пенальти сериясында литвалық «Паневежис» командасын тізе бүктіріп, келесі кезеңге өтті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Ойын басынан-ақ алаң иелері бастаманы қолға алды, алайда алғашқы голды қонақтар соқты. 33-минутта Наурис Петкявичюс баспен соққан голымен «Паневежисті» алға шығарды. «Тобылдың» жауабы бірінші таймның соңына қарай келді – қосымша минуттарда Амин Талал айып алаңында бәрінен жылдам әрекет етіп, есепті теңестірді.
Үзілістен кейін Нұрбол Жұмасқалиевтің командасы жеңіс голын іздеуді жалғастырды. Алаң иелерінде тамаша сәттер болды, ал Александр Зуевтің алыстан бағыттаған соққысынан кейін литвалықтарды қақпа бағаны құтқарып қалды. Негізгі де, қосымша уақыт та жеңімпазды анықтай алмады. Сондықтан келесі кезең жолдамасының тағдырын пенальти сериясы шешті.
Пенальти сериясында «Тобыл» ойыншыларының жүйкесі мықтырақ болып шықты. Қазақстандық клуб серияны 4:3 есебімен ұтып, Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алды.
Конференция лигасы. Екінші іріктеу кезеңі
«Тобыл» (Қазақстан) – «Паневежис» (Литва) – 1:1 (қ.у. 1:1, пен. 3:2)
Голдар: Петкявичюс, 33 (0:1), Талал, 45+3 (1:1).
Үшінші іріктеу кезеңінде «Тобыл» «Партизан» (Сербия) – «УНА Штрассен» (Люксембург) жұбының жеңімпазымен кездеседі.