«Түкке тұрғысыз хабарлама»: Ла Лига басшысы Инфантиноға жауап беріп, сынның астында қалды
Испаниялық футболдан Ла Лиганың президенті Хавьер Тебас Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) президенті Джанни Инфантиноның 2026 жылғы әлем чемпионатының сыншыларына қатысты мәлімдемесін түкке тұрғысыз деп атады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бұған дейін Инфантино АҚШ, Канада және Мексикада өткен соңғы әлем чемпионатын сынағандарға арнап үндеу жариялап, оларды «медитация жасап, құдайға сыйынуға немесе футбол матчын көруге» шақырған еді.
«Бүгін Джанни Инфантино өзінің аккаунтында түкке тұрғысыз хабарлама жариялады. Ешкім футболдың эмоция мен бірлік екенін жоққа шығармайды. Бірақ ашықтық, дұрыс басқару және есеп беру ешқашан өшпенділік тудырмайды, бұл – міндет. Мықты институттар сұрақ қойғандарды қараламайды, керісінше жауап береді», – деп жазды Тебас Х әлеуметтік желідегі парақшасында.
«Және тағы бір ой, Джанни: басшы заңды бақылау жүргізетіндерді қаралауға тұтас бір жолдауды арнаса, еріксіз сұрақ туады… Неге дәл қазір? Бұған не себеп? Біз білмейтін бірдеңе болып жатыр ма?» – деп толықтырды ол.
Тебасты пікір білдірушілер аса қолдамады, керісінше, Ла Лига басшысы өзгеде ақау іздеп, өзіне келгенде көз жұматынын атап өтті.
«Тебас, ренжіме, бірақ сенің "Реалға" және оның президентіне деген қарым-қатынасың Инфантиноны сынауға құқық бермейді»;
«Ашықтық, жақсы басқару және есеп беру ешқашан өшпенділік емес; бұл – міндет», – дейді өзі тарихтағы ең ірі жемқорлық істердің бірі – Негрейра ісін жасыруға көмектескен адам»;
«Бұл жігіттің нағыз екіжүзділігі, Инфантиноға ашықтық пен басқару туралы айтады, өзі болса үйінде былық толы. Лиганың президентінің жауапсыздығын әшкерелеген Касас секілді журналистерді баспасөз хатшысы деп атап, оларды кемсітетін адам. Таза мафия»;
«Сен бірнеше жылдан бері осы әрекетті жасап келесің, кім сенің есеп-қисабыңа күмән келтірсе, барлығына осылай жауап бересің»;
«Сен Инфантиноға да, чеферинге де, тіпті өзіңе де әңгіме айтып қажет емес. Футболды түгелімен жемқорлық пен жеке мүдделер жаулаған. Біржола кетіп, спорт патшасын былғауды доғар»;
«Инфантиноны өзі жасап жүрген нәрселерге кінәлап, оны одан да вульгарлы түрде жасап жүргеніңді аңғармайтын, твитіңнің қаншалықты жиіркенішті екенін сезбейтін адам екенің таңғаларлық. Сен жазасыздықтың ішінде өмір сүресің, бұл сенің шынайылықты қабылдауыңа әсер еткен», – деп жазды пікір қалдырушылар.
Бұған дейін біз мундиальды дүр сілкіндірген жанжалдар туралы жазған едік, бірақ ФИФА келісілген матчтар жайлы ешқандай дәлел тапқан жоқ.
Инфантиноға 56 жаста, ол ФИФА-ны 2016 жылы ұйымдағы жемқорлық даудан кейін және Йозеф Блаттердің мерзімінен бұрын отставкасынан соң басқарды. 2019 жылдың маусымында екінші, 2023 жылдың наурызында үшінші мерзімге сайланды. Сәуір айында Инфантино келесі сайлауға қатысатынын жариялады, ол 2027 жылғы 18 наурызда Мароккода өтеді.