«Шабытсыз шабуыл»: Олимпиада чемпионы «Қайраттың» жеңілу себептерін атады
1988 жылғы Олимпиада чемпионы Евгений Яровенко Sports24.kz порталына берген сұхбатында Алматының «Қайратының» Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі алғашқы ойында бельгиялық «Андерлехттен» ауыр жеңіліске ұшырауының себептерін түсіндірді.
Яровенконың айтуынша, кездесудің шешуші сәті екінші минутта соғылған қарсылас голы болды. Сарапшы команда қорғаныста зейінін жоғалтып, осыны қарсылас тиімді пайдаланғанын атап өтті.
«Барлығымыз бұл матчты тағатсыздана күттік. Әрине, «Қайраттың» жаттықтырушылар штабы мен ойыншылары қарсыластың мықтылығын білді. Кез келген қарсыласпен ойнауға болады, алдын ала баспасөз мәслихатында Рафаэль Уразбахтин айтқандай, жеңілмейтін қарсылас жоқ.
Бірақ осындай мықты қарсыластарға қарсы кездесулерде қорғаныста барынша қарапайым әрі сенімді ойнау керек, себебі қарсылас әрбір қателігіңді кешірмейді. Солай болды да. Ерте соғылған гол суық душ секілді әсер етті. Футболшыларымыз біраз сасқалақтады», – деді Яровенко.
Сондай-ақ Олимпиада чемпионы «Қайраттың» шабуылдағы қиындықтарына назар аударды. Оның пікірінше, командаға тән ойын өрнегі жоғалып кеткен.
«Алматылықтарға не жетіспеді? Қорғаныстағы зейін және, әрине, шабуылдағы шабытсыздық. Кеше мен көрген «Қайрат» пен Сатпаев, Мартынович пен Жоржиньо ойнаған «Қайрат» – екі бөлек команда.
Ойын өрнегі жоғалды. 27-минутта ғана алғаш рет қақпаға тура соққы жасалды. Мұндай әлсіз ойынды бұрын-соңды көрмеген едік», – деп атап өтті маман.
0:3 есебімен жеңілсе де, Яровенко командаға 27 тамызда Бельгияда өтетін қарымта ойын алдында жігерін жоғалтпауға шақырды.
«Бір аптадан кейін керемет нәтиже күте аламыз ба? Оларда дайындыққа бір апта бар, бұл ойынды талдайды. Менің ойымша, алаңға шығып, ойнау керек. Қарсылас бізге үш гол соға алды. Сенгім келеді, бірақ өте қиын болатынын білемін.
Дегенмен, «Қайрат» өз жанкүйерлеріне нағыз «Қайраттың» қандай екенін көрсетуі тиіс. Бұл – мен үшін туған команда, кезінде өзім ойнадым, әрдайым жанкүйермін. Алаңға шығып, ойнау керек. «Андерлехт» алаңында да бұл тек кездейсоқтық болғанын дәлелдеу қажет», – деді Яровенко.
Айта кетейік, «Қайрат» пен «Андерлехттің» қарымта кездесуі 27 тамызда Брюссельде өтеді.