Покатилов өнер көрсететін «Сабах» Чемпиондар лигасында норвегиялық «Викингтен» жеңілді
Қазақстан құрамасының қақпашысы Стас Покатилов өнер көрсететін Әзербайжанның «Сабах» клубы УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі төртінші турда Норвегияның «Викинг» командасынан жеңілді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Кездесу 4 қарашадан 5 қарашаға қараған түні Ставангер қаласындағы «Люсе Арена» стадионында өтіп, алаң иелерінің 4:1 есебіндегі жеңісімен аяқталды. Қазақстандық қақпашы негізгі құрамда алаңға шығып, командасын капитан ретінде бастап шықты.
Ойынның алғашқы минуттары қонақтар үшін сәтті өрбіді. 11-минутта Умарали Рахмоналиевтің пасын ұтымды пайдаланған Орфе Мбина есеп ашып, «Сабахты» алға шығарды. Алайда әзербайжандық клуб үзіліске дейін басымдығын сақтай алмады. 27-минутта Эрик Ботхейм таразы басын теңестірді.
Екінші таймда алаң иелері біртіндеп ойын тізгінін өз қолына алды. 69-минутта Златко Трипич Покатилов қорғаған қақпаға екінші голды соғып, «Викингті» алға шығарды.
77-минутта «Сабахтың» жағдайы одан әрі қиындай түсті. Эйден Маккарти қызыл қағаз алып, командасын он ойыншымен қалдырды. Араға төрт минут салып, Хенрик Фалькенер норвегиялық клубтың басымдығын арттырды.
Матчтың соңғы нүктесі төреші қосқан қосымша уақытта қойылды. 90+4-минутта Эрик Ботхейм екінші мәрте мергендік танытып, дубль авторы атанды. Осылайша, «Викинг» өз алаңында 4:1 есебімен жеңіске жетті.
УЕФА Чемпиондар лигасы. Жалпы кезең. 4-тур
«Викинг» – «Сабах» – 4:1
Голдар: Ботхейм, 27, 90+4; Трипич, 69; Фалькенер, 81 – Мбина, 11.
Айта кетейік, Чемпиондар лигасының алдыңғы турында «Сабах» өз алаңында Дортмундтың «Боруссиясына» 1:2 есебімен есе жіберген болатын. Ал «Викинг» Англияның «Астон Вилла» клубынан сырт алаңда 1:3 есебімен жеңілді.
Келесі, бесінші турда әзербайжандық клуб 25 қарашада өз алаңында Испанияның «Барселонасын» қабылдайды. Ал «Викинг» сол күні Мадридтің «Атлетико» командасымен сырт алаңда кездеседі.