Швентекті жеңіп, Уимблдонда топ жарған: Рыбакинаның алғашқы қарсыласы туралы не белгілі?
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина WTA қорытынды турниріндегі чемпиондық атағын қорғауды 21 жастағы чехиялық Линда Носковаға қарсы кездесумен бастайды. Жастығына қарамастан, ол әлемнің бірінші ракеткасын жеңіп, «Үлкен дулыға» турнирінде чемпион атанып үлгерді. Сондай-ақ әлемнің үздік теннисшілері қатарынан орын алды.
Sports24.kz 8 қарашада Индиан-Уэллсте Рыбакинамен кездесетін спортшы туралы маңызды деректерді жинақтады.
Линда Носкова кім?
Линда Носкова 2004 жылдың 17 қарашасында Чехияның Всетин қаласында дүниеге келген. Балалық шағы мыңға жуық тұрғыны бар Быстржичка ауылында өтті. Әкесі теміржол саласында, ал анасы дүкенде жұмыс істеген. Отбасының қаржылық мүмкіндігі шектеулі болғанымен, ата-анасы қызының тенниспен айналысуына барынша жағдай жасаған.
Носкова жасөспірімдер арасындағы алғашқы ірі жетістігіне 2021 жылы қол жеткізді. Сол жылы ол «Ролан Гаррос» турнирінің финалында ресейлік Эрика Андрееваны жеңіп, чемпион атанды.
Араға бір жыл салып, әлемдік рейтингтің үздік жүздігіне енді. Осыдан кейін ересектер арасындағы жарыстарда тұрақты өнер көрсетіп, біртіндеп үздіктер қатарына жақындай бастады.
Чехиялық теннисшіге кеңінен танылуға 2024 жылғы Australian Open турнирі жол ашты. Үшінші айналымда небәрі 19 жастағы Носкова сол кездегі әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швентекті 3:6, 6:3, 6:4 есебімен жеңіп, сенсация жасады.
Осы жеңісінен кейін ол алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирінің ширек финалына дейін жетті.
Сол жылы мексикалық Монтеррейде өткен жарыста жаңа белесті бағындырды. Финалда жаңазеландиялық Лулу Саннан басым түсіп, WTA санатындағы алғашқы чемпиондық атағын жеңіп алды.
2026 жыл - мансабындағы ең табысты кезең
Биылғы маусым Носкова үшін ерекше сәтті басталды. Наурызда Индиан-Уэллстегі WTA 1000 турнирінің жартылай финалына дейін жетсе, жазда бірден екі ірі жетістікке қол жеткізді.
Алдымен Берлиндегі шөп төсенішті кортта өткен жарыста америкалық Джессика Пегуланы 6:4, 4:6, 6:3 есебімен жеңіп, чемпион атанды. Осы нәтижеден кейін ол алғаш рет әлемдік рейтингтің үздік ондығына енді.
Арада үш апта өткенде Носкова мансабындағы ең маңызды жеңісіне қол жеткізді. Чехиялық теннисші Уимблдон турнирінің чемпионы атанды.
Финалда ол отандасы Каролина Муховамен кездесті. Алғашқы партияда басымдық танытқан Носкова екінші сетте де 5:2 есебімен алға шықты. Алайда бес матчболды пайдалана алмай, қарсыласына таразы басын теңестіруге мүмкіндік берді.
Соған қарамастан, шешуші партияда қайта жинақталып, кездесуді 6:2, 5:7, 6:3 есебімен өз пайдасына аяқтады.
Осылайша, 21 жастағы спортшы 2011 жылы топ жарған Петра Квитовадан кейінгі Уимблдонның ең жас чемпиондарының бірі атанды.
Бұл жеңістің Носкова үшін жеке маңызы да зор еді. 2024 жылдың жазында, Уимблдон басталардан аз уақыт бұрын, оның анасы Ивана өмірден өткен болатын.
2026 жылғы жеңісінен кейін Линда чемпиондық атағын анасының рухына арнады. Марапаттау рәсімінде ол көз жасына ерік берді.
Уимблдоннан кейін де чехиялық теннисші қарқынын бәсеңдеткен жоқ. US Open турнирінде ширек финалға дейін жетіп, үш сетке созылған кездесуде Арина Соболенкодан жеңілді.
Тамыз айының соңында Носкова әлемдік рейтингте алтыншы орынға көтерілді. Бұл - оның кәсіби мансабындағы ең жоғары көрсеткіш.
Носкова Рыбакинаға несімен қауіпті?
Чехиялық спортшы шабуылға негізделген ойын мәнерін ұнатады. Қуатты доп беруі, артқы сызықтан жасайтын дәл соққылары және сол қол жақтан екі қолмен орындайтын соққысы - оның басты артықшылықтары.
Носкова мүмкіндік туған сәтте шабуылды өз қолына алып, ұпайды барынша жылдам аяқтауға тырысады.
Бұл тұрғыдан оның ойын мәнері Рыбакинаға ұқсайды. Екі теннисші де қуатты доп беруге, жылдам шабуылға және қысқа ұтыс алмасуларға басымдық береді.
Дегенмен тәжірибе жағынан қазақстандық спортшының артықшылығы бар. Рыбакина бұған дейін «Үлкен дулыға» санатындағы үш турнирде чемпион атанып, маусымның шешуші жарысына әлемнің бірінші ракеткасы ретінде келіп отыр. Ал Носкова үшін бұл WTA қорытынды турниріндегі алғашқы тәжірибе болмақ.
Рыбакина мен Носкова бұған дейін қалай ойнады?
Қос теннисші WTA аясындағы ресми жарыстарда үш рет кездескен. Үшеуінде де Қазақстан өкілі жеңіске жетті.
Алғашқы кездесу 2023 жылы «Ролан Гаррос» турнирінің екінші айналымында өтті. Рыбакина қарсыласын 6:3, 6:3 есебімен ұтты.
2024 жылдың қаңтарында олар Брисбендегі турнирдің жартылай финалында жолықты. Бұл жолы да Елена екі сетте басым түсті - 6:3, 6:2.
Үшінші кездесу 2025 жылдың қазанында Қытайдың Ухань қаласында ұйымдастырылған WTA 1000 турнирінде болды. Қазақстандық теннисші 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Қызығы, сол айдың соңында спортшылар Токиодағы жарыстың жартылай финалында тағы кездесуі керек еді. Алайда Рыбакина арқасындағы жарақатына байланысты кортқа шықпады. Соның нәтижесінде Носкова финалға ойын өткізбей жолдама алды.
Бұл кездесу ресми өзара ойындар статистикасына енгізілмейді.
Осылайша, алдағы матч қарсаңында Рыбакина жеке кездесулерде 3:0 есебімен алда келеді. Оның үстіне, Носкова қазақстандық теннисшіден әлі бірде-бір сет ұтып алған жоқ.

Алғашқы кездесу қашан өтеді?
WTA қорытынды турнирі 8-15 қараша аралығында АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында ұйымдастырылады.
Елена Рыбакина бірінші топтың көшбасшысы атанды. Оның қарсыластары қатарында америкалық Кори Гауфф пен Джессика Пегула, сондай-ақ чехиялық Линда Носкова бар.
Қазақстандық теннисші алғашқы кездесуін 8 қарашада жергілікті уақыт бойынша сағат 12:00-де өткізеді. Қазақстан уақытымен матч 9 қараша күні сағат 01:00-де басталады.
Топтық кезеңде әр спортшы үш кездесу өткізеді. Нәтижесінде үздік екі теннисші жартылай финалға жолдама алады.