locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

ПСЖ мен «Реал» жеңісті жолын жалғастырды, «Комо» тоғыз гол соқты, «Сабах» ұтылды: Чемпиондар лигасының төртінші турына шолу

Чемпиондар лигасының төртінші туры аяқталды
Футбол
ПСЖ мен «Реал» жеңісті жолын жалғастырды, «Комо» тоғыз гол соқты, «Сабах» ұтылды: Чемпиондар лигасының төртінші турына шолу
ФОТО: Getty images

5 қарашаға қараған түні УЕФА Чемпиондар лигасының 2026/2027 жылғы маусымындағы жалпы кезеңнің төртінші туры мәресіне жетті. Париждің ПСЖ клубы мен мадридтік «Реал» жеңісті сериясын жалғастырса, италиялық «Комо» Францияда ірі есеппен басым түсті. Ал «Ливерпуль» биылғы турнирдегі алғашқы жеңілісіне ұшырады. Sports24.kz төртінші турдың қорытындысын шығарып, жаңартылған турнирлік кестені назарларыңызға ұсынады.

Төрт кездесудің барлығында жеңіске жеткен ПСЖ мен «Реал» турнирлік кестедегі көшбасшылық орындарын сақтап қалды. Париждіктер бұл жолы Испанияның «Вильярреал» клубына еш мүмкіндік бермей, қарсылас қақпасына жауапсыз алты гол соқты. Ал мадридтіктерге үш ұпай оңайлықпен келген жоқ. Афинада Жозе Моуринью шәкірттері АЕК-тен екі мәрте есепте қалып қойғанымен, кездесудің тағдырын өз пайдасына шеше білді. 90+2-минутта Федерико Вальверде жеңіс голын соғып, «Реалға» 3:2 есебімен басымдық әкелді.

Турдың ең күтпеген нәтижелерінің бірі Францияда тіркелді. Италиялық «Комо» жергілікті «Ланс» клубын 9:1 есебімен ойсырата жеңді. Анастасиос Дувикас хет-трик авторы атанса, Сеск Фабрегас жаттықтыратын команда алғашқы 62 минутта жеті гол соқты. Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде алғаш рет өнер көрсетіп жатқан «Комо» төрт турда қарсыластар қақпасына 19 доп енгізді. Бұл көрсеткіш бойынша италиялық клуб тек 20 гол соққан ПСЖ-дан ғана қалып келеді.

Лондондық «Арсенал» да үздік үштіктегі орнын сақтады. Микель Артета шәкірттері Прагада жергілікті «Славияны» 2:1 есебімен жеңіп, ұпай санын онға жеткізді. «Барселона» ағылшынның «Астон Вилла» клубынан 3:0 есебімен басым түссе, мюнхендік «Бавария» мадридтік «Атлетиконы» 2:0 есебімен ұтты.

Ал «Ливерпуль» төртінші турда биылғы Чемпиондар лигасындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады. Ағылшын клубы Стамбұлда өткен кездесуде «Фенербахчеден» екі рет есепте алға шыққанымен, басымдығын сақтай алмады. Түркиялық команда алты минуттың ішінде екі гол соғып, 1:2 есебін 3:2-ге өзгертті.

Өзге кездесулерде Өзбекстан құрамасының қорғаушысы Абдукодир Хусанов өнер көрсететін «Манчестер Сити» германиялық «РБ Лейпцигті» 3:2 есебімен жеңді. 78-минутта Эрлинг Холанд шешуші голдың авторы атанды. Дәл осындай есеппен «Манчестер Юнайтед» «Романы» ұтса, Дортмундтың «Боруссиясы» испаниялық «Бетистен» 2:1 есебімен басым түсті.

Қазақстандық қақпашы Стас Покатилов өнер көрсететін Әзербайжанның «Сабах» клубы үшін де бұл тур сәтсіз аяқталды. Норвегияның «Викинг» командасына қарсы сырт алаңдағы кездесуде алғашқы болып есеп ашқанымен, кейін өз қақпасына төрт гол жіберіп, 1:4 есебімен жеңілді.

Чемпиондар лигасының төртінші турындағы барлық матчтың нәтижесі

Төртінші турдан кейінгі турнирлік кесте

Төрт кездесудің қорытындысы бойынша ПСЖ мен «Реал» 12 ұпайдан жинады. Доп айырмашылығының жоғары болуына байланысты париждік клуб бірінші орында тұр. ПСЖ-ның көрсеткіші +15 болса, мадридтіктерде +6.

Он ұпай жинаған «Арсенал» үшінші сатыға жайғасты. Одан кейін тоғыз ұпайы бар командалар орналасқан. Олардың қатарындағы «Комо», «Барселона», «Астон Вилла», «Манчестер Сити» және «Ливерпуль» көшбасшы үштікпен бірге алғашқы сегіз орынды иеленіп отыр.

Ал «Брюгге», «Спортинг», «Бетис» және Дортмундтың «Боруссиясы» да тоғыз ұпай жинағанымен, әзірге үздік сегіздіктен тыс қалды. Төрт турда бірде-бір рет жеңілмеген «Бавария» сегіз ұпаймен 13-орында келеді.

Турнирлік кестенің төменгі бөлігінде Еуропаның бірқатар танымал клубы орналасқан. «Наполи» мен «Порту» төрт кездесуде небәрі үш ұпай жинады. «Вильярреал», «Лейпциг» және «Сабахтың» да еншісінде үш ұпайдан бар.

Жалпы кезең аяқталғанға дейін әр команда тағы төрт матч өткізеді. Турнирлік кестеде алғашқы сегіз орынға ие болған клубтар бірден 1/8 финалға жолдама алады. Ал 9–24-орындардағы командалар келесі кезеңге шығу үшін өтпелі матчтарда бақ сынайды. 25–36-орындарда қалған клубтар үшін еурокубок маусымы аяқталады.

Чемпиондар лигасының бесінші туры 24–25 қараша күндері өтеді.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie