Почеттино АПЛ-ге оралуы және «Манчестер Юнайтедтің» мәселелері туралы пікір білдірді
«Манчестер Юнайтедтің» бас бапкері Маурисио Почеттино Англия Премьер-лигасына оралуы туралы әсерімен бөлісті. Аргентиналық маман клуб ішіндегі жағдайға да тоқталып, бапкерлер штабы ең алдымен қай бағытта жұмыс істейтінін түсіндірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Журналистермен әңгіме барысында маманнан «Манчестер Юнайтедті» жаттықтыру мүмкіндігі ол үшін нені білдіретінін сұрады. Әсіресе, бұған дейін де осы клубқа тағайындалуға жақын болғаны ескерілді.
«Бұрын қаншалықты жақын болғанымызды білмеймін, бірақ ең бастысы — қазір біз осындамыз. Бұл сынақ бізді қатты жігерлендіреді. Бұл — керемет клуб, осында келгенімізге қуаныштымыз. Сонымен қатар, жұмысымыз өте қауырт. Соңғы бірнеше күн бейімделуге кетті. Қазір оңтайлы бабымызға келіп, “Ливерпульмен” матчта бәсекеге қабілетті болу үшін уақытпен нағыз жарыс жүріп жатыр. Ойымыздың бәрі 100 пайыз жексенбідегі ойынға ауған», — деді Почеттино.
Бапкерден жанкүйерлердің наразылығы, клуб басшылығы төңірегіндегі шиеленісті ахуал және командада жеңімпаздар мәдениетін қалай қалыптастырмақ екені туралы да сұрады.
«Біз өз ұстанымдарымыз бен философиямызға сүйеніп, өзіміз қалаған әдіспен жұмыс істей отырып, бәрін жаңадан бастау идеясымен келдік. Клубта бізді зор қолдау көрсететін адамдар қарсы алды, бұл бейімделуімізді едәуір жеңілдетеді. Бірақ сонымен бірге ойыншыларды дамытуымыз, ойынымызды жақсартуымыз және тұрақты нәтижеге жетудің жолдарын табуымыз керек.
Білесіздер ме, біз «мәдениет» деген сөзге шектен тыс мән бермейміз. «Мәдениет, мәдениет, мәдениет» деп үнемі қайталай берсең, оны қалыптастыруға 10 жыл қажет сияқты әсер туады. Алайда бұл клубтың мәдениеті мен болмысы онсыз да айқын. Бұл — ондаған жыл бойы жүлделер үшін күресіп, әлемдегі үздік клубтардың бірі болып келген ұлы тарихи клуб. «Манчестер Юнайтед» деңгейіндегі клубты табу қиын.
Біз жаңалыққа ашық болып, бар күшімізді салуымыз және ойыншыларға бұдан да жақсы ойнауға міндетті екенімізді түсіндіруіміз керек. Алғашқы күндердегі міндетіміз — осы жексенбіде өз ойынымызды көрсете алатын жолды тауып, клубтың тарихына сай нәтижелерге қол жеткізе бастау. «Манчестер Юнайтед» қазіргідей емес, турнир кестесінде мүлде басқа орында болуы керек», — деп атап өтті маман.
Еске салайық, Почеттиноның ағылшын футболына оралғаннан кейінгі алғашқы күрделі сынағы «Ливерпульге» қарсы матч болмақ. Кездесу 22 қараша, жексенбі күні өтеді.
АПЛ-дегі он турдан кейін команда 8 ұпаймен төменгі лигада қалу аймағында, 18-орында келеді.