Артета ақпарат тарағаннан кейін «Арсенал» футболшыларына тосын тыйым салды
«Арсеналдың» бас бапкері Микель Артета шәкірттерінің танымал Fantasy Premier League (FPL) ойынына қатысуын шектеуге шешім қабылдады. Бұған футболшының виртуалды турнирдегі әрекеті оның алаңға шығуға дайын екенін жанкүйерлерге алдын ала аңғартқан жағдай себеп болды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бұған грек вингері Христос Цолистің оқиғасы түрткі болды. Ол санның артқы бұлшықетін жарақаттап алып, Англия Премьер-лигасындағы үш кездесуді өткізіп алған еді. Алайда 1 қарашада «Ливерпульге» қарсы матч қарсаңында ол күтпеген жерден Fantasy Premier League жанкүйерлерінің назарын аударды.
Жанкүйерлер Цолистің өзін виртуалды командасына қосып қана қоймай, капитан етіп тағайындағанын байқады. Футболшының жуырда жарақат алғанын ескерсек, бұл таңдау ерекше қызық көрінді. Көпшілік оның әрекетін негізгі құрамға жақында оралатынының ишарасы деп қабылдады.
Болжам расталды: грек футболшысы «Энфилдте» өткен кездесуді негізгі құрамда бастап, «Арсенал» 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Кейінгі ойын аптасына Цолис FPL командасынан өзін ғана емес, Эзри Конса мен Риккардо Калафьориді де алып тастағаны белгілі болды. Бұл Артетаның араласқаны туралы хабарлар тараған тұста орын алды.
«Ньюкаслға» қарсы сырт алаңдағы матч алдында испаниялық маманнан осы жағдайға түсініктеме беруін сұрады. Бапкер қазіргі футболда ойыншылардың алаңнан тыс әрекеттері де клуб құпия сақтағысы келетін мәліметтерді ашып қоюы мүмкін екенін мойындады.
«Бұл Христосқа да, бүкіл командаға да, тіпті балаларыма да қатысты. Олар да кімнің ойнайтынын білгісі келіп, негізгі құрам туралы менен үнемі сұрайды. Қазір мұндай жағдайлар өміріміздің бір бөлігіне айналды. Біз үшін бұл — салыстырмалы түрде жаңа мәселе, сондықтан қосымша шаралар қабылдауға тура келеді. Құпиялылықтың маңызы зор. Әңгіме сенім мен атқарып жатқан жұмысымыз туралы болып отыр. Мұндай ақпарат тек команданың ішінде қалуы керек. Бұған енді жол бермеу үшін қажетті шараларды қабылдаймыз», - деп түсіндірді Артета.
Футболшыларға Fantasy Premier League-де өздерін таңдауға тыйым салынды ма деген тікелей сұраққа «зеңбірекшілер» бапкері «иә» деп жауап берді. fc-arsenal.com атап өткендей, бапкерлер штабының бұл шешімі матчтар алдында құрам мен ойыншылардың физикалық жағдайы туралы ақпараттың сыртқа таралуына жол бермеуге бағытталған.
АПЛ клубтарының ішінде Fantasy Premier League ойынын инсайдерлік ақпараттың ықтимал көзі ретінде қарастыруға мәжбүр болған алғашқы клуб «Арсенал» емес. Бұған дейін Жоау Педрудың жарақаты туралы ақпарат тараған соң, «Челси» қызметкерлеріне ішкі мәліметтерді жария ету қаупі бар екенін ескерткен еді. Бұл жағдай Морган Роджерстің ағасы шабуылшыны өзінің виртуалды командасынан алып тастағаннан кейін талқылана бастады. 2021 жылы «Ливерпульде» де осыған ұқсас оқиға болған. Жанкүйерлер Энди Робертсонның Садио Манені FPL құрамынан алып тастағанын байқап, сенегалдық футболшы жарақат алған болуы мүмкін деп топшылады. Осындай жағдай «Астон Виллада» да тіркелді: бірнеше футболшы мен клуб қызметкері виртуалды ойында бір мезгілде Джек Грилиштен бас тартты. Сол кезде команда бас бапкері Дин Смит ақпараттың сыртқа тарауы мүмкін екеніне қатты наразылық білдірді.
Енді мұндай әрекетке қарсы күресуді ұйғарған клубтардың қатарына «Арсенал» да қосылды. Артета үшін мәселе ойынның өзінде емес, алдағы матчтарға дайындыққа әсер етуі мүмкін ақпаратты құпия сақтауда.
