«Челси», «Арсенал» және «Манчестер Юнайтед»: «Ордабасы» президенті АПЛ алпауыттарымен келіссөздер туралы айтты
«Ордабасы» президенті Дархан Қызайбаев ағылшын клубтарынан түскен ұсыныстар мен футбол академиясын дамыту аясындағы ықтимал ынтымақтастық туралы айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Функционердің айтуынша, шымкенттік клубқа лондондық «Челсиден» ұсыныс түскен. Сонымен қатар «Ордабасы» ықтимал серіктестің танымалдылығын ғана емес, клубтың өзі үшін тиімділігін де ескереді.
«Бізге «Челсиден» ұсыныстар бар. Бұл, әрине, бізге қызық, бірақ мәселе клубтың атауында емес. «Ордабасы» үшін ең тиімді болатын нұсқаны таңдаймыз. Оның «Манчестер Юнайтед», «Челси» немесе «Арсенал» болуы маңызды емес», - деді Қызайбаев.
Сондай-ақ клуб президенті келесі аптада «Челси», «Арсенал» және «Манчестер Юнайтед» өкілдерімен кездесулер жоспарланғанын мәлімдеді. Келіссөздер академияға қатысты болады.
Ықтимал ынтымақтастықтың егжей-тегжейі әзірге жарияланған жоқ.
Еске сала кетейік, осы маусымда «Ордабасы» клубтың 77 жылдық тарихында алғаш рет чемпиондық атақ пен Қазақстан кубогын жеңіп алып, тарихи алтын дубль жасады.