Дияр Нұрғожай – Алик Лоренс: UFC жекпе-жегін көру. Тікелей трансляция
Сенбі, 21 қарашада, қазақстандық файтер Дияр Нұрғожай (12-2) Катардың Доха қаласында өтетін UFC Fight Night турнирінде өнер көрсетеді. Оның қарсыласы — америкалық Алик Лоренс (8-2), деп хабарлайды Sports24.kz.
Жекпе-жек алдын ала кард аясында өтеді және турнир бағдарламасындағы екінші кездесу болады. Жекпе-жек шамамен Астана уақытымен 20:25-те басталады. Тікелей трансляцияны мына сілтеме арқылы көруге болады.
Бұған дейінгі жекпе-жектердің ұзақтығына қарай файтерлердің октагонға шығу уақыты өзгеруі мүмкін.
Нұрғожай мен Лоренстің жекпе-жегі туралы не белгілі?
Қазақстандық файтер үшін бұл UFC-дегі бесінші жекпе-жек болады. Қазіргі таңда оның ұйымдағы көрсеткіші — екі жеңіс, екі жеңіліс. Сәтсіз басталғаннан кейін Нұрғожай қатарынан екі жеңіске жетіп, бразилиялықтар Рафаэл Тобиас пен Бруно Лопесті жеңу арқылы жағдайды түзеді.
Америкалық Алик Лоренстің кәсіби MMA-дегі көрсеткіші — сегіз жеңіс және екі жеңіліс. Ол Дана Уайттың үміткерлер сериясында (DWCS) өнер көрсетіп, бразилиялық Махамед Әлиді нокаутқа түсіргеннен кейін UFC-мен келісімшартқа қол қойды.
Алдағы жекпе-жек Лоренс үшін әлемдегі ең мықты MMA промоушеніндегі алғашқы кездесу болмақ.
Айта кетейік, осы турнир аясында Қазақстанның тағы бір өкілі — Асу Алмабаев та өнер көрсетеді. Оның қарсыласы жапониялық Киодзи Хоригути болады. Бұл жекпе-жек негізгі кардқа жоспарланған және Астана уақытымен шамамен 23:30-да басталады.