«Ордабасы» директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Мартиннің кетуіне қатысты пікір білдірді
«Ордабасы» директорлар кеңесінің төрағасы Дархан Қызайбаев бас бапкер Андрей Мартиннің кетуіне қатысты пікір білдіріп, шымкенттік клубтың дамуына қосқан үлесін бағалады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қызайбаев румыниялық маманның жетекшілігімен команда тарихи жетістікке жетіп, өз тарихында алғаш рет «алтын дубль» жасағанын атап өтті.
«Андрей Михайлович «Ордабасының» жаңа тарихында алтын із қалдырды. Оның жетекшілігімен команда бұрын-соңды болмаған жетістікке жетіп, алғаш рет «алтын дубль» иеленді. Бұл — клуб тарихында мәңгі қалатын үлкен жеңіс», - деп жазды Қызайбаев Instagram парақшасында.
Ол сондай-ақ Мартин алғашқы күндерінен бастап клуб басшылығы ұсынған бастамаларды қолдап, оларды жүзеге асыруға белсенді атсалысқанын атап өтті.
Қызайбаевтың айтуынша, бапкер жас футболшыларға сенім артудан тайсалмаған. Мысал ретінде ол осы маусымда негізгі командада өзін көрсетуге мүмкіндік алған Жасұлан Әмірді атады.
Сөз соңында клуб өкілі Мартин мен оның жаттықтырушылар штабына атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, екі тараптың жолы айырылғанымен, бірлескен жетістіктері мен өзара құрметі «Ордабасы» тарихында қалатынын жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін Мартин «Ордабасының» болашағы мен еурокубоктердегі мүмкіндіктері туралы оптимистік пікір білдірген еді. Ол клубтың сенімді қолда екенін айтқанымен, жаңа мақсаттарға жету үшін команданың барлық шептегі құрамын күшейту қажет екенін атап өткен.
«Клуб сенімді қолда. Болашаққа оптимизммен қарау керек», — деген еді маман.
Еске салайық, Андрей Мартиннің жетекшілігімен «Ордабасы» Қазақстан чемпионы атағын тарихында екінші рет жеңіп алып, ҚПЛ-дің 30 турында 68 ұпай жинады. Бұдан бөлек, шымкенттіктер финалда қызылордалық «Қайсарды» 4:1 есебімен ойсырата жеңіп, ел кубогын иеленді.
Мартин чемпиондық пен Қазақстан кубогынан кейін «Ордабасыдан» кетуіне түсініктеме берді