Қазақстандық әлем чемпионы атағынан айырылып, үш жылға дисквалификацияланды
Қазақстандық спортшы Зейнеп Оразхан ММА-дан әлем чемпионы атағынан айырылып, антидопинг ережелерін бұзғаны үшін үш жылға жарыстардан шеттетілді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Халықаралық тестілеу агенттігінің (ITA) мәліметінше, спортшыдан 2024 жылғы 14 желтоқсанда Индонезияда өткен ММА-дан әлем чемпионаты кезінде алынған допинг-сынама нәтижесінде мельдоний анықталған.
Бұдан бөлек, Оразхан 12 сағат ішінде көлемі 100 миллилитрден асатын инфузияны көктамыр арқылы қабылдау түріндегі тыйым салынған әдісті қолданғанын мойындады.
Спортшы ережені бұзудың екі фактісін де мойындаған. Осыдан кейін тараптар үш жылдық дисквалификация мерзіміне келіскен. Ал заңбұзушылықтарды ерте мойындағаны үшін жазалау мерзімі бір жылға қысқартылған.
Дисквалификация 2026 жылғы 20 қазаннан 2029 жылғы 19 қазанға дейін күшінде болады. Сондай-ақ Оразханның 2024 жылғы 14 желтоқсаннан бергі барлық жеке нәтижелері, соның ішінде 2024 жылғы әлем чемпионатындағы көрсеткіші де жойылды. Спортшы бұған дейін жеңіп алған медальдарынан, ұпайлары мен жүлде қаражатынан айырылуы тиіс.
Еске салайық, Оразхан бұған дейін Индонезияда өткен GAMMA нұсқасы бойынша ММА-дан 2024 жылғы әлем чемпионатында 72,6 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алған болатын. Енді бұл нәтиже ресми түрде жойылды.
Дисквалификация туралы шешімге Спорттық арбитраж сотының (CAS) апелляциялық бөліміне шағым түсіруге болады.