Жас футболшыларға арналған жаңа жабын. Есікте БЖСМ стадионы жаңартылып жатыр
Алматы облысының Есік қаласында Еңбекшіқазақ ауданының №1 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебіндегі футбол алаңының жасанды жабыны толық ауыстырылып жатыр. Жоба жас футболшылардың жаттығуына жағдай жасауға және өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.
Жұмыстар Қазақстан футбол федерациясының тікелей қатысуымен және «Алматы облысының футбол қауымдастығы» ЗТБ-ның ұйымдастырушылық қолдауымен жүргізілуде. ҚФФ, БЖСМ және мердігер ұйым арасындағы үшжақты келісімшарт 2026 жылғы 30 шілдеде жасалды.

Жобаның ерекшелігі — оны қаржыландыру тетігінде. Мердігер ұйым жұмыстарды ҚФФ алдындағы міндеттемелерін өтеу есебінен өз қаражатына атқарады. Осылайша, Федерация өңірдің футбол инфрақұрылымын дамытуға ресурстар бағыттайды, ал жабынды ауыстыруға Федерация бюджетінен бөлек қаражат қарастырылмаған.

Жоба аясында ескі жасанды газонды алып тастау, негізді дайындау және жаңа жабынды төсеу жоспарланған. Жұмыстардың толық кешенін 2026 жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.
Жаңартылған футбол алаңы №1 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің балансына беріледі. Ол балалар мен жасөспірімдер командаларының сабақтары мен жаттығуларына, сондай-ақ бұқаралық футболға пайдаланылуын жалғастырады.
ҚФФ өңірлердегі футбол инфрақұрылымын дамыту ұйым жұмысының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Есіктегі алаңның жаңартылуы жас спортшыларды даярлау жағдайын жақсартуға және тұрғындарды футболмен шұғылдануға тартуға бағытталған тағы бір қадам болмақ.