locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Ордабасы» бас бапкері «Атырауды» жеңгеннен кейін чемпиондық бәсеке туралы айтты

Андрей Мартин шымкенттік клубтың ірі жеңісіне баға беріп, маусымның қалған төрт турына қатысты пікір білдірді
«Ордабасы» бас бапкері «Атырауды» жеңгеннен кейін чемпиондық бәсеке туралы айтты
ФОТО: Ордабасы ФК
Қазақстан Премьер-Лигасы
17.09.2026, Аяқт.
Атырау
0
Ордабасы Шымкент
3

«Ордабасының» бас бапкері Андрей Мартин Қазақстан Премьер-лигасының 27-туры аясында «Атырауға» қарсы өткен матчты қорытындылады. Шымкенттік команда сырт алаңда 3:0 есебімен жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі көшбасшылығын сақтап қалды, деп хабарлайды Sports24.kz.

Мартин үш ұпайдың маңызын атап өткенімен, чемпиондық мәселе шешілді деуге әлі ерте екенін жеткізді. Алда төрт тур бар, сондықтан команда әр кездесуге жеке дайындалмақ.

«Біз үшін өте маңызды жеңіс. Бірақ қазір алға тым ұзақ қараудың қажеті жоқ. Әлі төрт тур бар және әр матчтың маңызы жоғары. Маусым басталмай тұрып-ақ чемпионаттың барлық команда үшін қиын болатынын айтқанмын. Қазір оны кестенің екі жағынан да көріп отырмыз: төменде Премьер-лигада қалу үшін, жоғарыда жүлделі орындар үшін тартыс жүріп жатыр», – деді Мартин.

Бас бапкер футболшылар мен бапкерлер штабының еңбегін де ерекше атап өтті. Оның сөзінше, маусымның шешуші бөлігінде командаға барынша жинақы болып, негізгі мақсаттан ауытқымау маңызды.

«Ең алдымен ойыншыларды және бүкіл штабымызды құттықтағым келеді. Әркім өз жауапкершілігін түсініп, жұмысына кәсіби қарайды. Енді осы көңіл-күйді сақтап, алдымызға қойылған міндеттерге сай өнер көрсетуіміз керек», – деді ол.

Мартин Атырауға дейін жетіп, команданы трибунадан қолдаған жанкүйерлерге де алғысын білдірді.

«Бұл жеңіс клубымыз, қаламыз және жанкүйерлеріміз үшін маңызды. Бізді сырт алаңда қолдауға келгендерге ерекше рақмет. Олардың қолдауын сезінеміз және оған жақсы нәтижелермен жауап бергіміз келеді. Мақсатымызға асықпай, қадам сайын жақындай береміз», – деді маман.

Сонымен қатар бас бапкер командаға ірі жеңістің әсерінде ұзақ қалмай, келесі ойынға дайындықты бастау керектігін айтты.

«Футболда өткен нәтижемен ұзақ өмір сүре алмайсың. Бүгінгі матч енді тарихта қалды. Алда халықаралық үзіліс бар, содан кейін жаңа күшпен келесі кездесуге дайындалуымыз қажет. Қазір барлығын осы жеңіспен құттықтаймын», – деп түйіндеді Мартин.

«Атырауға» қарсы кездесудің басты қаһарманы Берн Йонсен болды. Шабуылшы бірінші таймда есеп ашып, үзілістен кейін екінші голын соқты. Ал қосымша уақытта үшінші мәрте мергендік танытып, хет-трик рәсімдеді – 3:0.

27-турдан кейін «Ордабасының» еншісінде 61 ұпай бар. Шымкенттік клуб чемпионат көшін бастап тұр. Екінші орындағы «Қайрат» 57 ұпай жинаған. Осылайша, маусымның аяқталуына төрт тур қалғанда екі команданың арасын төрт ұпай бөліп тұр.

Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie