Мәселе: ҚПЛ клубы миллиондаған қарызын растады
«Атырау» клубы қысқы оқу-жаттығу жиыны үшін түркиялық серіктестерімен әлі күнге дейін есеп айырыспағанын растады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бұған дейін «Атыраудың» қысқы оқу-жаттығу жиыны үшін берешегі 42 200 еуроны немесе 21,5 млн теңгені құрайтыны хабарланған болатын.
Аттас қаланың клубында түсіндіргендей, бұл қаржылық міндеттеме қазіргі басшылық өз міндеттерін атқаруға кіріскенге дейін қалыптасқан.
«Аталған қаржылық міндеттемелер клубтың қазіргі басшылығы өз қызметіне кіріскенге дейін қалыптасты. Қазіргі басшылық клубты басқаруға 2026 жылғы 17 сәуірден бастап кірісті және осы кезеңде бұрын қалыптасқан бірқатар қаржылық міндеттемені де өз мойнына алды.
Клуб бұл мәселені назардан тыс қалдырмайды және алдағы уақытта оны толық реттеуге мүдделі», — деп хабарлайды клубтың жауабын Kazinform.
Айта кетейік, «Атырау» ҚПЛ-дың 24 турында турнирлік кестеде 12-орында тұр.