Моуриньюдің «Реалға» оралғаннан кейінгі алғашқы трансфері белгілі болды
Португалия құрамасының жартылай қорғаушысы Бернарду Силва «Реалға» ауысуға жақын, деп хабарлайды Sports24.kz.
Фабрицио Романоның мәліметінше, мадридтік клуб 31 жастағы футболшымен екі жылдық келісімшарт бойынша келісімге келген. Келісімде тағы бір жылға ұзарту мүмкіндігі қарастырылған.
Романоның айтуынша, «Реал» португалиялық ойыншымен келіссөздерді небәрі 36 сағат бұрын бастаған. Тараптар келісім шарттарын талқылауда айтарлықтай ілгерілеп, мәмілені аяқтауға жақын қалды.
Силва мадридтік клубқа еркін агент ретінде қосылады. Оның «Манчестер Ситимен» жасалған келісімшарты маусым айының соңында аяқталады.
Жаңа дәуірдің алғашқы трансфері
Егер трансфер жүзеге асса, Бернарду Силва Жозе Моуриньюдің бас бапкер ретінде оралғаннан кейінгі «Реалдың» алғашқы жаңа ойыншысы болады.
11 маусым күні мадридтік клуб португалиялық маманның командаға қайта оралғанын ресми түрде жариялаған еді.