РЕСМИ: Жозе Моуринью «Реалға» қайта оралды
Аңызға айналған португалиялық бапкер Жозе Моуринью ресми түрде «Реалға» қайта оралды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Клубтың баспасөз қызметі директорлар кеңесінің отырысынан кейінгі мәлімдемесін жариялады, онда Моуриньюді Мадридке қайтару туралы шешім қабылданғаны айтылды.
Моуринью Мадридте үш маусымға
Келісімшарт үш жылға есептелген. Жозе өзінің жаңа-ескі клубымен жұмысқа 13 шілде күні, маусым алдындағы дайындық басталар кезде кіріседі.
«“Реал Мадрид” футбол клубының директорлар кеңесі 11 маусым, бейсенбі күні Флорентино Перес төрағалығымен өткен отырыста алдағы үш маусымға, 2029 жылдың 30 маусымына дейін бірінші команданың бас бапкері етіп Жозе Моуриньюді тағайындау туралы шешім қабылдады», – делінген клуб мәлімдемесінде.
«Бернабеуге» оралу
Моуринью 2010-2013 жылдары «Реалдың» тізгінін ұстаған. Сол уақытта «бланкос» оның басшылығымен 178 матч өткізіп, 127 жеңіске жетті, 23 рет ұтылып, 28 ойында тең түсті. Португалиялық маманмен «корольдік клуб» Испания чемпионаты, Кубогы және Суперкубогында бір-бір мәртеден топ жарды, алайда Чемпиондар лигасында сәтсіздікке ұшырады.
Португалиялық маманның соңғы жұмыс орны өзінің отанындағы «Бенфика» клубы болды.
«Бланкостың» алдыңғы бас бапкері Альваро Арбелоа еді. Испан маманының жетекшілігімен «Реал» 2025/26 жылғы Ла Лигада 2-ші орын алып, маусымды трофейсіз аяқтады.