Бұл не болды? Рыбакина Instagram-дағы парақшасын қалпына келтірді
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Instagram-дағы аккаунтын қайта қалпына келтірді, деп хабарлайды Sports24.kz. Рыбакинаның парақшасы қайтадан барлық қолданушылар үшін ашық болды.
Бұған дейін елдің үздік теннисшісі Лондонда өткен WTA 500 турнирінде британдық Кэти Бултерден жеңілгеннен кейін өз аккаунтын өшірген еді.
БАҚ мәліметінше, мұндай шешімге теннисші турнирден шығып қалған соң алған көптеген қорлау мен қоқан-лоққы себеп болған.
Айта кетейік, 12 маусымда әлем бойынша Instagram мен Facebook желілерінде ауқымды ақау тіркелді. Қолданушылар қосымшалардағы жұмыс пен жүктелу мәселелеріне шағымданды.
Естеріңізге сала кетейік, Лондонда өткен турнирдің ¼ финалында Елена үш сетте британдық қарсыласына жол берді - 5:7, 6:2, 4:6.
Айта кетейік, 21-27 маусым аралығында Рыбакина Германияның Бад-Хомбург қаласында өтетін WTA 500 турнирінде өнер көрсетуді жоспарлап отыр. Бұл жарыс Уимблдон алдындағы соңғы турнирлердің бірі болмақ.
