«Барселона» Флорентино Перестің мәлімдемелеріне байланысты «Реалды» сотқа берді
«Барселона» президенті Флорентино Переске қатысты заңдық рәсімді ресми түрде бастады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Клубтың мәлімдеуінше, қылмыстық жала жабу бойынша шағым түсірмес бұрын міндетті татуласу туралы талап жолданған. Бұған Перестің 12 мамырдағы баспасөз мәслихатында және кейін бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұқбаттарында айтқан сөздері себеп болған.
Каталониялық клуб президенттің мәлімдемелері клубтың беделі мен абыройына нұқсан келтірді деп есептейді. Осыған байланысты «Барселона» Перестен айтқан сөздерін ресми түрде жоққа шығаруды талап етті. Егер талап орындалмаса, клуб сотқа жүгінетінін мәлімдеді.
Даудың түп-төркіні – «Негрейра ісі»
Бұл жағдай испан футболындағы ең даулы тақырыптардың бірі саналатын «Негрейра ісімен» байланысты.
Бұған дейін Diario AS басылымы «Реал» басшылығының «Барселонаға» қатысты қатаң санкциялар енгізуді талап етіп отырғанын хабарлаған еді. Мадридтік клуб бұл мәселеде түпкілікті шешімді УЕФА қабылдауы мүмкін деп санайды.
Испаниялық БАҚ мәліметінше, «Реал» каталониялық клубтың еурокубоктардан шеттетілуімен ғана шектелмей, 2003-2018 жылдар аралығында жеңіп алған титулдарының да қайта қаралуын қалайды.
Тергеу не туралы?
«Реал» «Барселонаны» төрешілерге ықпал етті деп айыптап келеді. Әңгіме Испания төрешілер комитеті басшысының бұрынғы орынбасары Хосе Мария Энрикес Негрейраға төленген қаржы туралы болып отыр.
Ал «Барселона» барлық айыптауларды жоққа шығарып, өз кінәсіздігін алға тартады.
Қазіргі таңда УЕФА бұл істі толық жапқан жоқ, тек уақытша тоқтатқан.