Молдова құрамасының жартылай қорғаушысы Ұлттар лигасындағы ең қиын қарсыласын атады — Қазақстан
«СКА Хабаровск» және Молдова құрамасының жартылай қорғаушысы Никита Моцпан УЕФА Ұлттар лигасы аясында Қазақстанға жасалатын алдағы сапарға баға берді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Джон ван’т Схиптің үйдегі алғашқы қарсыласының жартылай қорғаушысы Астанаға сапар жол тұрғысынан да, қарсылас тұрғысынан да оңай болмайтынын мойындады. Дегенмен молдовалықтар өздері үшін оң нәтижеге қол жеткізуге тырысады:
«Қазақстанмен ойын қиын болады, өйткені ол жаққа баратын жол оңай емес, оның үстіне қарсыластың өзі де өте мықты. Бірақ біз ол жерде ұпай жинай аламыз. Әр ойында алаңға шыққанда, тек жеңіске ұмтыласың — спортшы үшін бұл қалыпты жағдай», — деді Моцпан, оның сөзін moldfootball.com сайты келтірді.
Еске салайық, Қазақстан мен Молдова құрамалары арасындағы матч 2 қазанда «Астана-Аренада» өтеді. Ұлттар лигасының топтық кезеңіндегі қарымта кездесуді командалар 13 қарашада Кишиневтегі «Зимбру» стадионында өткізеді.
Астанадағы матчқа Молдова құрамасы толық құрамда келе алмайды: Лилиан Попескудің шабуыл шебіндегі ықтимал таңдауларының бірі — Виргилиу Постолаки жарақат алып, оның орнына жастар құрамасының шабуылшысы Николае Ротару шақырылды.