Месси гол соқты, бірақ «Интер Майами» «Филадельфиямен» матчта жеңісті уысынан шығарып алды
«Интер Майами» MLS тұрақты чемпионатының кезекті турында «Филадельфия Юнионмен» тең түсті. Честер қаласындағы «Субару Парк» стадионында өткен матч 2:2 есебімен аяқталды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Алаң иелері 11-минутта есеп ашты - Индиана Вассилев мергендік танытты. Алайда үзіліске дейін «Интер Майами» ойынды өз пайдасына бұра алды. Алдымен Даниэль Пинтер есепті теңестірсе, араға бірнеше минут салып Лионель Месси қонақтардың екінші голын соғып, командасын алға шығарды.
Екінші таймда «Филадельфия» Нил Пьердің голының арқасында есепті қайта теңестірді. Кейін алаң иелері тағы да қақпаны дәл көздегенімен, VAR тексерісінен кейін Милан Илоскидің голы офсайдқа байланысты есепке алынбады.
Кездесудің соңғы минуттарында алаңда ойыншылар арасында жанжал болып, екі команда да бір-бір ойыншысынан айырылды. Қалған уақытта есеп өзгерген жоқ.
MLS. Тұрақты чемпионат
«Филадельфия Юнион» - «Интер Майами» - 2:2
Голдар: Вассилев, 11, Пьер - Пинтер, Месси.
Бұл тең ойын «Интер Майамиге» қатарынан үш жеңілістен тұратын сериясын тоқтатуға мүмкіндік берді. Бұған дейін Флорида клубы Лигалар кубогында «Монтеррейге» 1:2, «Леонға» 2:3 есебімен есе жіберіп, кейін MLS аясында «Нэшвиллден» 1:4 есебімен жеңілген еді.
20 матчтан кейін «Интер Майами» 39 ұпай жинап, Шығыс конференциясында екінші орында тұр.
Келесі кездесуін команда 23 тамызға қараған түні «Торонтоға» қарсы өткізеді.