«Масқара»: Сәтпаевтың клубына ойсырай жеңілгеннен кейін қатаң баға берілді
Ағылшынның Burnley Express басылымы Чемпионшиптің үшінші турында «Бернлидің» «Норвичке» қарсы сәтсіз ойынына қорытынды жасады. 1:4 есебімен аяқталған кездесуді журналистер сәтсіздік деп бағалап, тек алаңдағы қателіктерге ғана емес, финалдық ысқырықтан кейінгі футболшылардың әрекетіне де назар аударды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Басылымның жазуынша, матч аяқталғаннан кейін «Бернли» ойыншылары орталық шеңбер маңына жиналып, наразы жанкүйерлер отырған қонақтар секторына бірден баруға батылдары жетпеген. Материал авторы мұны команданың қазіргі мінезі мен рухына қатысты тағы бір алаңдатарлық белгі ретінде бағалаған.
Burnley Express әсіресе капитан Кайл Уокердің әрекетіне тоқталды. Тәжірибелі қорғаушы финалдық ысқырықтан кейін жанкүйерлерге алыстан ғана қол соғып, артынша бірден киім ауыстыратын бөлмеге бет алған.
«Мұны «Бернли» капитаны Кайл Уокердің әрекетімен салыстырыңыз. Ол финалдық ысқырықтан кейін алыстан қысқа ғана қол соғып, кейін бірден туннельге кіріп кетті. Ал команданың қалған бөлігі өз көшбасшысынсыз жанкүйерлердің алдына шығуға мәжбүр болды. Мәселенің өзі осында. Қазіргі құрамда шын мәнінде сенім артуға болатын ойыншылар тым аз. Джош Калленнің жоқтығы алаңда қатты сезіледі, бірақ оның алаңнан тыс жерде де болмауы үлкен мәселе. Командада жауапкершілікті өз мойнына алуға, жең түріп, ауыр жұмысты атқаруға дайын емес футболшылар тым көп. Бұл – үлкен проблема», – деп жазады Burnley Express.
Жалпы сынның аясында ағылшын басылымы Дастан Сәтпаевты бөлек атап өтті. Қазақстандық шабуылшы небәрі 18 жаста болғанына қарамастан, журналистер дәл оның тәжірибелі әріптестеріне үлгі болғанын жазды.
«18 жасында соншалықты салмақты ойын көрсеткен Дастан Сәтпаев туралы да бөлек айту керек. Ол өзінің ойынымен көптеген командаласын өз фонында әлсіз көрсетіп қойды. Тіпті Хайеннің өзі де командаға жол көрсетіп жүрген адамның жасөспірім болуы алаңдататынын мойындады», – делінген материалда.

Шынында да, Сәтпаев Норидждегі ауыр матчта «Бернли» сапындағы санаулы жарқын ойыншылардың бірі болды. Қазақстандық футболшы Чемпионшипте алғаш рет негізгі құрамда шығып, кездесуді толық өткізді. «Бернлидің» ресми сайты да Дастанның белсенділігін атап өткен: ол бірінші таймның өзінде-ақ алаң иелерінің қорғанысына қиындық туғызып, бірнеше рет допты қауіпті аймаққа жеткізген.
Кездесу «Бернлидің» 1:4 есебіндегі ірі жеңілісімен аяқталды. «Норвич» сапында Мохамед Туре мен Андре Брукс екі реттен мергендік танытса, қонақтардың жалғыз голын Джош Лоран соқты.
Үш турдан кейін «Бернли» небәрі бір ұпай жинап, Чемпионшип турнир кестесінің төменгі бөлігінде қалып отыр. Ники Хайен шәкірттері үшін маусымның басталуы өте ауыр өтіп жатыр.
Соған қарамастан, бас бапкер матчтан кейін Сәтпаевты жеке атап өтті. Хайен Қазақстан құрамасының 18 жастағы шабуылшысын алаңдағы ең үздік футболшы деп бағалап, оны тәжірибелі командаластарына үлгі етіп көрсетті.