«Ман Сити» ФФП ережелерін бұзғаны үшін кінәлі деп танылды: Хусановтың клубын не күтіп тұр?
АПЛ-дің тәуелсіз комиссиясы «Манчестер Ситиді» қаржылық фэйр-плей ережелерін бұзуға қатысты 115 жағдайдың 114-і бойынша кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Беделді инсайдер Дэвид Орнштейннің ақпаратына сәйкес, «қалалықтар» үшін нақты санкциялар әзірге анықталған жоқ, сондықтан клубқа қандай да бір жаза тағайындалуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Сонымен қатар клуб бұл үкіммен келіспей, апелляция беруге ниетті.
Бұған дейін «қалалықтардың» кінәсі дәлелденген жағдайда қолданылуы мүмкін ең ықтимал жазалар аталған болатын: ақшалай айыппұл, ұпайларды шегеру, титулдардан айыру немесе тіпті «Манчестер Ситиді» АПЛ-ден шығару.
- Сондай-ақ оқыңыз: Тебас «Манчестер Ситидің» 115 ереже бұзуына қатысты іс бойынша АПЛ-дің қос стандарттарын атап өтті
Еске салайық, Премьер-лига клубты 2009 жылдан 2018 жылға дейінгі кезеңде нақты қаржылық ақпаратты, сондай-ақ ойыншылар мен жаттықтырушыларға жасалған төлемдер туралы деректерді ұсынбады деп айыптады. Бұдан бөлек, «Сити» УЕФА-ның қаржылық фэйр-плей ережелерін және лиганың пайда мен қаржылық тұрақтылыққа қатысты жеке ережелерін (PSR) бұзды деп айыпталды. «Сити» бұл айыптауларды үнемі жоққа шығарып келді.
2020 жылдың ақпанында УЕФА «Манчестер Ситиді» еурокубоктерден екі жылға шеттетіп, клубқа 30 миллион фунт көлемінде айыппұл салған еді. Алайда ағылшын алыбы Лозаннадағы Спорттық арбитраж сотында шеттету жазасының күшін жойдырып, айыппұл мөлшерін 30 миллионнан шамамен тоғыз миллион фунтқа дейін азайтуға қол жеткізді.