locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Қазақстан мен Молдова құрамаларының Ұлттар лигасындағы матчқа арналған бастапқы құрамдары белгілі болды

Қазақстан мен Молдова құрамалары 13 қарашадағы матчқа арналған бастапқы құрамдарын жариялады
Футбол
Қазақстан мен Молдова құрамаларының Ұлттар лигасындағы матчқа арналған бастапқы құрамдары белгілі болды
ФОТО: KFF

Қазақстан мен Молдова құрамалары УЕФА Ұлттар лигасының бесінші турындағы ойынға арналған бастапқы құрамдарын анықтады. Джон ван ’т Схиптің шәкірттері турнирдегі алғашқы жеңісіне қол жеткізіп, қазанда Астанадағы жеңіліс үшін қарымта қайтаруға тырысады, деп хабарлайды Sports24.kz.

13 қарашада Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы топтық кезеңінің соңғы алдындағы матчын өткізеді. Қарсыласы — бір ай бұрын өз алаңында қазақстандықтарды жеңген Молдова құрамасы.

Бас бапкер Джон ван ’т Схип қақпаны Стас Покатиловқа сеніп тапсырды. Алғашқы минуттардан бастап капитан Нұралы Әліп, Ислам Чесноков, Рамазан Оразов және Максим Самородов та алаңға шығады.

Командалардың бастапқы құрамы:

Молдова: Челядник, Ревенко, Бабогло, Йову, Герасименков, Рябчук, Фратя, Рацэ, Перчун, Клещенко, Попеску.

Қазақстан: Покатилов, Әліп, Ерланов, Қасым, Жағоров, Қараман, Әмір, Оразов, Чесноков, Самородов, Мрынский.

Алдағы кездесу әзірге Ұлттар лигасының осы маусымында жеңіске жете алмай жүрген Қазақстан құрамасы үшін айрықша маңызды.

Қыркүйекте ван ’т Схиптің командасы турнирді сырт алаңда Фарер аралдарымен тең түсуден (1:1) бастады, артынша Словакияға (1:2) есе жіберді.

Қазандағы кездесулер де ойдағыдай аяқталған жоқ. 2 қазанда Қазақстан «Астана Аренада» Молдованы қабылдап, күтпеген жерден 1:2 есебімен жеңілді. Қонақтар Ники Клещенко мен Петру Попескудың голдарының арқасында көзге түссе, алаң иелерінің жалғыз голын Нұралы Әліп соқты.

Соңғы матчта қазақстандықтар Фарер аралдарымен қайта кездесті. Ойын барысында 0:2 есебімен ұтылып жатқан алаң иелері Сергей Малый мен Әліптің голдарының арқасында таразы басын теңестірді. Кездесу 2:2 есебімен аяқталды.

Төрт турдан кейін Қазақстан екі ұпаймен C3 тобының соңында тұр. Молдова мен Фарер аралдарының еншісінде төрт ұпайдан, ал он ұпай жинаған Словакия көш бастап келеді.

Кишиневтегі жеңіс қазақстандықтарға бүгінгі қарсыласынан озып, соңғы тур қарсаңында жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Қазақстан құрамасы топтық кезеңдегі соңғы матчын 16 қарашада Астанада Словакияға қарсы өткізеді.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie