Артета «Арсеналның» «Ливерпульге» қарсы 14 жылдық жеңіссіз сериясын үзгені туралы пікір білдірді
Лондондық «Арсеналдың» бас бапкері Микель Артета «Ливерпульді» жеңгені туралы пікір білдіріп, командасы үшін кезекті тарихи белесті еңсеруге қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Журналистің сұрағы «зеңбірекшілердің» мерсисайдтықтарды 14 жыл бойы өз алаңында жеңе алмағанына қатысты болды. Бұған дейін лондондықтар басқа стадиондардағы осындай сәтсіз серияларды үзген еді. Артетадан футболшылар үшін бұл кедергіден өту қаншалықты маңызды екені сұралды.
Испаниялық маман мұндай сынақтарды ұнататынын айтып, команда алда тұрған міндеттің қаншалықты күрделі екенін жақсы түсінгенін атап өтті.
«Мен мұндай сынақтарды ерекше жақсы көремін. Біздің міндетіміз — 14 жыл бойы ешкімнің қолынан келмеген нәрсені жасау еді. Бұған себептер болды: кейде психологиямыз сыр берді, кейде ойын сапасы жетіспеді, ал кей жағдайларда бәрін жекелеген эпизодтар мен төрешілердің шешімдері анықтады.
Бүгін бәрі мінсіз болуы керектігін түсіндік. Кей сәттерде ашық түрде төзуге тура келетінін білдік, өйткені «Ливерпуль» хаос тудырып, жоқ жерден-ақ тік шабуылдар ұйымдастырудың шебері.
Бұл үдерістен ләззат алу керек, әйтпесе ойыннан шығып қаласың да, олар бірден жазалайды. Қалай күрескеніміз, қалай ойнағанымыз және қанша мүмкіндік жасағанымыз — мұның бәрі шынымен керемет болды», — деді Артета.
Англия Премьер-лигасының тоғызыншы турында өткен орталық матчта «Арсенал» сырт алаңда «Ливерпульді» 1:0 есебімен жеңді. Жалғыз голды 16-минутта Деклан Райстың пасынан кейін Кай Хаверц соқты.
Алаң иелері есепті теңестіруге тырысқанымен, өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Флориан Вирц допты қақпа маңдайшасына тигізсе, Алексис Макаллистердің баспен жасаған соққысы қақпадан жоғары кетті. Нәтижесінде лондондықтар минималды басымдықтарын сақтап, 2012 жылдың қыркүйегінен бері алғаш рет «Энфилдте» жеңіске жетті.
Тоғыз турдан кейін «Арсенал» 24 ұпай жинап, турнир кестесінде көш бастап тұр. Лондондықтар екінші орында келе жатқан «Манчестер Ситиден» үш ұпайға озып келеді.
15 ұпайы бар «Ливерпуль» бесінші орында орналасып, көшбасшыдан тоғыз ұпайға қалып қойды.