locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Дағыстаннан Грекияның Олимпиада жүлдесіне дейін: RAF турниріндегі Садулаевтың қарсыласы туралы не белгілі

Абу-Дабидегі RAF турнирінде Абдулрашид Садулаевпен белдесетін Дәурен Құруглиев кім?
Басқа спорт түрлері
ФОТО: Getty images

Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, Еуропаның төрт дүркін чемпионы, Дағыстанда дүниеге келген және Грекия туы астында өнер көрсететін балуан. Дәурен Құруглиев Абу-Дабиде өтетін Real American Freestyle (RAF) турнирінде екі дүркін Олимпиада чемпионы Абдулрашид Садулаевқа қарсы шығады, деп хабарлайды Sports24.kz.

Алдағы белдесу жанкүйерлер назарын қатысушылардың есімдерімен ғана аударып отырған жоқ. Екі балуан да Дағыстан күрес мектебінен түлеп шыққан, бір-бірін жақсы біледі әрі халықаралық аренада өнер көрсетуде мол тәжірибе жинаған. Дегенмен олардың спорттық жолы әртүрлі өрбіді: Садулаев қазіргі заманның ең атақты еркін күрес шеберлерінің біріне айналса, Құруглиев Олимпиададағы жетістікке басқа ұлттық құраманың сапында қол жеткізді.

Дағыстандық тамыр және Грекия құрамасына ауысуы

Дәурен Құруглиев 1992 жылғы 12 шілдеде Дағыстанда дүниеге келген. Ол мансабын Ресейдің еркін күрес жүйесінде бастады. Мұнда ұлттық құрамаға ілігу бәсекесі дәстүрлі түрде әлемдегі ең жоғары деңгейде.

Кейін спортшы азаматтығын ауыстырып, Грекия атынан өнер көрсете бастады. Бұл ауысым оған Еуропа чемпионаттары мен Олимпиада ойындарын қоса алғанда, ең ірі халықаралық турнирлерге тұрақты қатысуға жол ашты.

Оның есіміне қатысты да қызықты жайт бар. Құруглиевке Маңғыстау облысынан шыққан қазақстандық бапкердің құрметіне ат берілген. Осылайша, Грекия атынан өнер көрсететін балуанның өмірбаянында Қазақстанмен күтпеген байланыс та бар.

ФОТО: Getty images

Еуропаның төрт дүркін чемпионы және Олимпиаданың қола жүлдегері

Құруглиев құрлық аренасында өз деңгейін бірнеше рет дәлелдеп, Еуропа чемпионы атағын төрт мәрте жеңіп алды. Алайда мансабындағы басты жетістігі — 2024 жылғы Олимпиаданың қола медалі.

Парижде ол 86 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Ширек финалда грек балуаны қазіргі еркін күрестегі ең атақты спортшылардың бірі — ирандық Хасан Язданиге есе жіберді.

Бұл жеңіліс оның жарыстағы жолын аяқтаған жоқ. Жұбаныш белдесулерінде бақ сынауға мүмкіндік алған Құруглиев алдымен австралиялық Джейден Лоуренсті, кейін Сан-Марино атынан өнер көрсететін Майлс Назем Аминді жеңді.

Осы жеңістер оған алғашқы Олимпиада жүлдесін сыйлады.

ФОТО: Getty images

Құруглиев пен Садулаевты не байланыстырады?

Екі спортшы үшін алдағы белдесу бейтаныс қарсыласпен кездесу болмайды. Олар жарыстарда жолығып, жаттығу кезінде де бір-бірімен талай рет белдескен.

Садулаев бұған дейін екеуінің арасында бір күні коммерциялық жекпе-жек өткізу мүмкіндігі туралы әзіл-қалжың әңгіме болғанын айтқан еді. Енді олардың кездесуі RAF аясында өтеді.

Олимпиададағы тәжірибесі жағынан қарсыластардың жолы бөлек. Садулаев Рио-2016 және Токио-2020 Олимпиадаларында алтын алып, әлем чемпионы атағын алты рет жеңіп алған. Ал Құруглиев Олимпиада тұғырына алғаш рет Парижде көтеріліп, Грекияға қола медаль сыйлады.

ФОТО: Getty images

Алдағы белдесу туралы не белгілі?

RAF турнирі 14 қарашада Абу-Дабиде өтеді. Әдетте 86 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Құруглиев Садулаевпен жоғары салмақ дәрежесінде кездеседі.

Грекия өкілі үшін бұл — қазіргі заманның ең табысты балуандарының бірімен күш сынасу мүмкіндігі. Ал Садулаевқа Дағыстан күрес мектебінің ерекшеліктерін жақсы білетін тәжірибелі қарсыласпен белдесу керек болады.

Демек, Абу-Дабидегі кездесу еркін күрестің екі танымал шеберінің кезекті белдесуі ғана емес, олардың көпжылдық спорттық таныстығының RAF кәсіби алаңындағы жалғасы болмақ.

Қазақстанмен байланысы тереңірек болып шықты

Құруглиевтің өмірбаянында қазақстандық жанкүйерлер үшін алдағы кездесуді ерекше қызықты ететін маңызды жайт бар.

Оның ағасы Магомед Құруглиев Қазақстан құрамасында өнер көрсетіп, үш Олимпиадаға қатысқан және 2005 жылғы әлем чемпионатында қола жүлде иеленген. Жиеніне өзінің алғашқы бапкері — Маңғыстау облысында бірге жұмыс істеген Дәурен Атамқұловтың есімін беруді де сол ұсынған. Магомед бала кезінде Дағыстаннан Жаңаөзенге көшіп, кейін Алматыда спорттық дайындығын жалғастырған. Осылайша, Құруглиевтер әулетінің Қазақстанмен байланысы Дәуреннің Париж Олимпиадасындағы қола жүлдесінен әлдеқайда бұрын басталған.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie