Үлкен шығын: «Қайраттың» көшбасшысы «Андерлехтке» қарсы ойында алаңға шықпауы мүмкін
Алматының «Қайрат» қорғаушысы және Беларусь құрамасының ойыншысы Александр Мартынович Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі бельгиялық «Андерлехтке» қарсы матчтарға қатыспауы мүмкін, деп хабарлайды Sports24.kz.
asnews.kz мәліметінше, тәжірибелі орталық қорғаушы өкпе қабынуына шалдығып, осы жағдайға байланысты Рафаэль Уразбахтиннің командасына тамыз айының соңына дейін көмектесе алмауы мүмкін. Бұл қатарда – бельгиялық клубқа қарсы кездесулер де бар.
Алматылық команданың бас бапкері «Левскиге» қарсы Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінің қарымта матчы алдында Мартыновичтің жоқтығын былай түсіндірген еді: ойынға дейінгі үш күн бойы оның дене қызуы түспей қойған, сондықтан командамен Түркістанға бармай, Алматыда емделген болатын.
Еске салайық, Еуропа лигасының негізгі кезеңіне жолдама беретін ойындар 20 және 27 тамызда өтеді. Алғашқы матч Алматыдағы Орталық стадионда өтсе, қарымта кездесу — Андерлехттегі «Лотто Парк» стадионында ұйымдастырылады. Матчтардың басталу уақыты кейінірек УЕФА тарапынан жарияланады.
Бұл қарсыластықтың жеңімпазы Еуропа лигасының негізгі кезеңіне өтеді, ал жеңілген команда Конференциялар лигасының сол сатысында өнер көрсетеді.