Кімнің жеңісі көп: «Ордабасы» мен «Астана» текетіресінің тарихы
Қазақстан Премьер-лигасының 26-турындағы орталық матчтардың бірінде «Ордабасы» өз алаңында «Астананы» қабылдайды. Кездесу 12 қыркүйекте Шымкентте өтіп, Астана уақытымен сағат 19:00-де басталады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Командалар бұл ойынға әртүрлі көңіл күйде келеді. Өткен турда «Ордабасы» «Оқжетпеске» қарсы кездесуде 2:1 есебімен алда тұрғанымен, жеңісті уысынан шығарып алды. Ал «Астана» «Елімайды» 3:0 есебімен сенімді түрде жеңді.
25 турдан кейін «Ордабасы» 55 ұпаймен екінші орында тұр. «Астана» 45 ұпай жинап, үшінші сатыда келеді.
Жеке кездесулерде «Астана» алда
Бұл екі команданың текетіресі ел футболындағы ең ұзақ тарихы бар қарсыластықтардың бірі саналады.
«Ордабасы» мен «Астана» осы уақытқа дейін ресми турнирлерде 52 рет кездескен. Басымдық елордалық клуб жағында: «Астана» 31 матчта жеңіске жетсе, шымкенттіктер 13 рет басым түскен. Тағы сегіз ойын тең аяқталған.
Соғылған голдар саны бойынша да «Астана» алда - 90:56.
Елордалық клубтың бұл қарсыластықтағы ең ірі жеңісі - 6:0. «Ордабасының» ең ірі жеңісі - 3:0. Ал ең нәтижелі матч 5:3 есебімен «Астананың» пайдасына аяқталған.
Соңғы кездесулер әлдеқайда тең өтуде
Алайда соңғы жылдардағы нәтижелерге қарасақ, «Астананың» тарихи басымдығы бұрынғыдай айқын емес.
Биылғы маусымның алғашқы айналымында командалар 1:1 есебімен тең түсті.
2025 жылы «Ордабасы» өз алаңында 1:0 есебімен жеңіске жетсе, екінші кездесуде «Астана» 2:1 есебімен басым болды.
2024 жылы да командалар бір-бірден жеңіске жетті. Алдымен «Ордабасы» 1:0 есебімен ұтса, кейін «Астана» 4:2 есебімен жауап қайтарды.
Сондықтан соңғы маусымдарда бұл текетірес әлдеқайда тартысты сипат алып келеді.
«Астана» алаңнан тыс қиын кезеңді өткерді
Елордалық клуб Шымкенттегі матчқа оңай емес аптадан кейін келіп отыр.
Бұған дейін «Астана» футболшылары жалақының шамамен үш ай бойы төленбегенін айтып, чемпионаттың қалған матчтарына бойкот жариялау мүмкіндігін қарастырған.
Кейін клуб қаржылық мәселелердің реттелгенін және команданың тұрақтылығына әсер еткен проблемалардың шешілгенін хабарлады.
Осылайша, «Ордабасыға» қарсы маңызды матч қарсаңында «Астана» ішкі мәселелерін реттеп, енді толықтай ойынға назар аудара алады.