Каннаваро Ресеймен матч алдында Өзбекстан құрамасындағы болашағы туралы айтты
Ресеймен өтетін жолдастық кездесу қарсаңында Өзбекстан құрамасының бас бапкері Фабио Каннавароның болашағы қайтадан қызу талқыға түсті. Бұған 53 жастағы маманның Италияға оралуы мүмкін екені жөніндегі ақпарат себеп болды. Бұқаралық ақпарат құралдарында оның өз еліндегі бапкерлік қызметке үміткерлердің бірі екені жазылды, деп хабарлайды Sports24.kz.
11 қарашада өткен баспасөз мәслихатында Италия құрамасының бұрынғы капитаны қызметінен кетуі мүмкін деген қауесетке жауап берді. Каннавароның айтуынша, бір күні Италия ұлттық құрамасын жаттықтыруды армандауы Өзбекстандағы жұмысына еш кедергі келтірмейді.
«Әр адамның өз арманы бар, мұнда тұрған ештеңе жоқ. Италия мен үшін әрқашан ерекше ел болып қала береді. Өйткені өмірімнің жиырма жылдан астам уақыты осы елдің ұлттық құрамасымен байланысты болды. Дегенмен қазір бар ойым Өзбекстан құрамасында. Күн сайын таңертең оянғаннан кейін команданы қалай күшейтуге болатынын ойлап, жұмысқа кірісемін. Неліктен үнемі футболдың өзін емес, түрлі қауесетті талқылай береміз? Біздің құрамда өздерін әлі талай көрсететін талантты жастар бар. Италияға деген көзқарасымды алғашқы күннен-ақ айтқанмын, бұл ешкімге жаңалық емес. Федерация басшылығымен қарым-қатынасым жақсы, ешқандай мәселе туындаған жоқ. Келісімшартым 2027 жылдың қазан айына дейін жарамды. Ал желтоқсанда бізді жаңа турнир күтіп тұр. Алдағы жоспарларды федерациямен міндетті түрде талқылаймыз. Мұндағы жұмысыма көңілім толады. Сондықтан жағымды дүниелерге көбірек назар аударғанымызды қалаймын», – деді Каннаваро.
Италиялық бапкердің болашағына қатысты әңгімелер Азия кубогының өткізілу мерзімі өзгергеннен кейін күшейе түсті. Бастапқыда жарыс 2027 жылдың қаңтарына жоспарланған еді. Алайда Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты турнир желтоқсан айының соңына ауыстырылды. Осылайша, құрлықтық дода Каннавароның қолданыстағы келісімшарты аяқталғаннан кейін басталмақ.
Бұған дейін танымал инсайдер Фабрицио Романо жарыс күнтізбесіндегі өзгерістерге байланысты италиялық маман Өзбекстан құрамасынан кету мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлаған болатын. Дегенмен Өзбекстан футбол қауымдастығы бұл ақпаратты жоққа шығарып, бас бапкердің қызметінен кетуі күн тәртібінде тұрмағанын мәлімдеді.
Каннавароның өзі де ұлттық құрамамен жұмысты жалғастыру мүмкіндігін жоққа шығармайды. Оның пікірінше, Азия кубогына дейінгі қосымша уақыт футболшылардың әлеуетін тереңірек зерттеуге, жаңа тактикалық жүйелерді сынауға және халықаралық жарыстарға жан-жақты дайындалуға мүмкіндік береді.
Өзбекстан мен Ресей құрамалары арасындағы жолдастық кездесу 12 қарашада Ташкенттегі «Пахтакор» стадионында өтеді. Ойын Қазақстан уақытымен сағат 20:00-де басталады.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық футболдағы ең тәжірибелі әрі титулды бапкерлердің бірі Дмитрий Огай Sports24.kz тілшісіне Өзбекстан мен Ресей құрамалары арасындағы алдағы кездесу жөнінде пікір білдірген болатын.