locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Ақылға сыймайтын шешім»: әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаны сынға алды

Ренне Стаббс Рыбакинаның Нинбодағы жеңісінен кейін Токио турниріне қатысуын сынға алды
Теннис
«Ақылға сыймайтын шешім»: әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаны сынға алды
ФОТО: Getty images

Жұптық сында әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы атанған Ренне Стаббс қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаның Нинбодағы жеңісінен кейін Токио турниріне қатысу туралы шешімін сынға алды. Аустралиялық маманның пікірінше, WTA қорытынды турнирі қарсаңында қосымша күш жұмсау спортшы үшін артық тәуекел болған, деп хабарлайды Sports24.kz.

Стаббс өзінің подкастында Рыбакинаның жарыс күнтізбесін түсіне алмайтынын ашық айтты. Оның ойынша, Нинбода чемпион атанғаннан кейін қазақстандық теннисші келесі турнирге асықпай, күш жинап, маусымның соңғы ірі додасына дайындалуы керек еді.

«Оның жарыс кестесіне қатысты сұрақтарым көп. Токиоға барудың қандай қажеті болды? Жапониядағы турнирге қатысуы Yonex компаниясымен жасалған келісімшартқа байланысты болуы мүмкін деген пікірді естідім. Спортшының барлық жабдығын бір бренд қамтамасыз етсе, мұндай міндеттемелердің болуы ғажап емес. Бірақ бұл шынымен келісімшартта көрсетілген күннің өзінде, мұндай шешімді түсіне алмаймын. Ол бір ғана матч өткізіп, кейін жарыстан бас тартты. Денсаулығында болмашы мәселе туындаса да, ағзаға қосымша салмақ түсірудің қажеті қанша?» – деді Стаббс.

Аустралиялық теннисшінің пікірінше, Нинбодағы жеңістен кейін Рыбакина бастапқы жоспарын қайта қарауы тиіс еді. Ол Жапонияға аттанғанша, Калифорнияға ертерек барып, алдағы жарыстың жағдайына бейімделуді әлдеқайда тиімді шешім деп санайды.

«Нинбода жаңа ғана чемпион атандың. Ендеше, жарыстан жарысқа асығудың не қажеті бар? Калифорнияға барып, ашық корттарда жаттық, ыстық ауа райына үйрен, келесі турнирге тыңғылықты дайындал. Оның жарыс күнтізбесі қалай жасалғанын мүлде түсінбеймін. Кейбір шешімдері ақылға сыймайды», – деп қосты бұрынғы әлемнің бірінші ракеткасы.

Еске салайық, Елена Рыбакина мойнындағы жарақатына байланысты Токиодағы турнирдің ширек финалына шығар алдында жарысты жалғастырудан бас тартқан еді. Кейін вирустық ауруға шалдығуына байланысты WTA қорытынды турниріне де қатыспайтын болды.

Қазақстандық теннисшінің орнына жарысқа қосалқы қатысушылар қатарында болған украиналық Марта Костюк шақырылды.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie