Абу-Дабиде Двалишвилиге шабуыл жасаған Усман Нурмагомедов ұсталды
Ресейлік спортшы Усман Нурмагомедов пен UFC ұйымының бұрынғы чемпионы Мераб Двалишвили арасындағы жанжалдың жалғасы құқық қорғау органдарының араласуына ұласқан болуы мүмкін. Абу-Дабидегі қонақүйлердің бірінде болған төбелестен кейін Нурмагомедов пен оның жанындағы бірнеше адамның ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Бұл жөнінде UFC-дің екі салмақ дәрежесі бойынша бұрынғы чемпионы Илия Топурия мәлімдеді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Оқиға 11 қарашада, еркін күрестен Real American Freestyle (RAF) турниріне бірнеше күн қалғанда болған. Сол сәтте Двалишвили қонақүйдің кіреберіс залында жарыс ұйымдастырушыларына сұхбат беріп тұрған. Кенет оған Усман Нурмагомедов бастаған бір топ адам жақындап, артынша төбелес басталған.
Жанжалдың бейнежазбасы көп ұзамай әлеуметтік желілерге тарады. Кадрлардың бірінде Нурмагомедовтің грузиялық спортшыға арт жағынан жақындап, соққы жасағаны байқалады. Кейін төбелеске өзге адамдар араласып, жағдай жаппай қақтығысқа ұласқан.
Оқиғадан кейін Двалишвили әлеуметтік желі арқылы жанкүйерлерімен байланысқа шығып, алған жарақаттарын көрсетті. Жарияланған бейнежазбада оның бетінде қан іздері мен басындағы жарақаттар байқалған. Грузиялық спортшының айтуынша, жанжал кезінде жанындағы 21 жастағы досы да зардап шеккен.
Оқиғаға алғашқылардың бірі болып Илия Топурия үн қатты. Испан-грузин спортшысы шабуылдың бейнежазбасын жариялап, төбелеске қатысқандардың әрекетін қатаң сынға алды. Кейін ол жанжалға құқық қорғау органдарының араласқаны жөнінде ақпарат таратты.
Топурияның мәліметінше, Усман Нурмагомедов оқиға кезінде жанында болған адамдармен бірге ұсталған.
«Хабарланғандай, Усман қасындағы қорқақтармен бірге ұсталды. Осындай адамдар әлі де кішіпейілділік пен сыйластық туралы айтуға батылы бара ма? Қандай масқара! Мен сендерді бұрыннан ортаңқол адамдар деп санайтынмын. Енді оған қатысты соңғы күмәнімді де сейілттіңдер», – деп жазды Топурия.
Ал Двалишвили болған жағдайға қарамастан, өзін жақсы сезінетінін мәлімдеді. 14 қарашада ол Абу-Дабиде өтетін RAF турнирінде бразилиялық Марлон Мораеспен белдесуі тиіс. Алайда алған жарақаттарының грузиялық спортшының жарысқа қатысуына әсер ететіні әзірге белгісіз.