«Елімайдың» бас бапкері болып шетелдік маман тағайындалды
Шотландиялық маман Питер Левен семейлік «Елімайдың» бас бапкері болып тағайындалды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Клуб 43 жастағы бапкердің тағайындалғанын әлеуметтік желілерде жариялады.
Бұған дейін Левен шотландиялық «Абердиннің» жаттықтырушылар штабында жұмыс істеген. 2025 жылы команда Шотландия кубогын жеңіп алды. Сонымен қатар маман клубтың бас бапкері міндетін уақытша үш рет атқарды.
Сондай-ақ шотландиялық маман 2022 жылы Ресей Премьер-лигасына жолдама алған ресейлік «Оренбургте» Марцел Личканың көмекшісі болды.
Левен Бресттің «Динамосы» құрылымында жұмыс істеген кезеңде беларусь клубы 2018 жылы ел кубогын жеңіп алып, 2019 жылы Беларусь чемпионы атанды және 2019, 2020 жылдары екі рет Суперкубокты иеленді.
Левен — «Рейнджерс» академиясының түлегі. Ойыншы ретіндегі мансабында ол «Килмарнок», «Милтон-Кинс Донс» және Шотландия жастар құрамасы сапында 300-ден астам матч өткізді.
Еске салайық, қазан айының соңында «Елімайдан» Андрей Карпович кетті. ҚПЛ-2026 маусымының соңғы турында бас бапкер міндетін Серікбек Қаппаров атқарды. Чемпионат қорытындысы бойынша семейлік клуб 30 матчта 45 ұпай жинап, алтыншы орынға тұрақтады.