Алмабаев пен Нұрғожай Қатардағы UFC турнирі алдында Қазақстан туын алып шықты
Қазақстандық аралас жекпе-жек шеберлері Асу Алмабаев пен Дияр Нұрғожай Қатарда UFC турнирі алдындағы іс-шараларға қатысты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Әлеуметтік желілерде қазақстандық спортшылар қатысқан кадрлар жарияланды. Алмабаев жұрт алдына дәстүрлі бас киім киіп, қолына ұлттық туын ұстап шықты.
Турнирдің негізгі кардында Алмабаев тәжірибелі жапониялық жауынгер Киодзи Хоригучимен кездеседі. Қазақстандық спортшы бұл жекпе-жекке қатарынан үш жеңіске жетіп келеді.
Хоригучи — Bellator мен Rizin ұйымдарының бұрынғы чемпионы, сондай-ақ UFC-де чемпиондық жекпе-жекке шыққан. 2015 жылы жапониялық спортшы ұйымның аса жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуіне таласып, алайда Деметриус Джонсонға есе жіберді.
Қазақстанның тағы бір өкілі Дияр Нұрғожай UFC-дегі дебютін өткізетін америкалық Алик Лоренспен жұдырықтасады. Қазақстандық жартылай ауыр салмақ өкілі алдағы жекпе-жекке қатарынан екі жеңіспен келеді.
Қатардағы UFC турнирі 21 қарашада өтеді. Алдын ала кардтағы жекпе-жектер Қазақстан уақытымен 20:00-де, негізгі кард 23:00-де басталады.