«Сен әлі де құлсың»: Нурмагомедов түрмеден босатылғаннан кейін алғаш рет үн қатты
Ресейлік аралас жекпе-жек шебері, PFL лигасының жеңіл салмақтағы қазіргі чемпионы Усман Нурмагомедов БАӘ түрмесінен босатылғаннан кейін әлеуметтік желіде алғаш рет жазба жариялады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Спортшы Instagram желісінде бірнеше фотосын жариялап, жазбасына Рим императоры әрі философы Марк Аврелийге телінетін сөзді қосты.
«Қорлау жаныңа батса немесе мақтау көңіліңді көтерсе, сен әлі де құлсың», – деп жазды Нурмагомедов.
Сондай-ақ файтер Stories бөлімінде «Тыртықты бет» криминалдық драмасының басты кейіпкері Тони Монтананың монологы жазылған суретті жариялады. Бұл эпизодта Аль Пачино сомдаған кейіпкер айналасындағы адамдардың екіжүзділігі және өзгені кінәлі етіп көрсетуге ұмтылысы туралы ой қозғайды.
Еске салайық, 11 қарашада Әбу-Дабидегі қонақүйлердің бірінде Нурмагомедов, UFC-дің жеңіл салмақтағы бұрынғы чемпионы Мераб Двалишвили және олардың айналасындағы адамдар қатысқан жаппай төбелес болды.
Бастапқыда іс бойынша сегіз адам алты айға бас бостандығынан айырылып, 300 мың дирхам көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.
Алайда 17 қарашада тараптар татуласқан соң, сот шешімін қайта қарап, сегіз сотталушының әрқайсысына берілген түрме жазасын 150 мың дирхам көлеміндегі айыппұлмен алмастырды.
Бостандыққа шыққаннан кейінгі алғашқы жазбаларында Нурмагомедов Двалишвилимен болған жанжалға тікелей түсініктеме берген жоқ.