locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Авангард» – «Барыс»: ҚХЛ матчының шолуы

«Барыс» Құрлықтық хоккей лигасында «Авангардқа» есе жіберді
Хоккей
«Барыс» «Авангардтан» қарымта қайтара алмай, ҚХЛ-да қатарынан екінші рет жеңілді
ФОТО: Барыс ХК

20 қарашада астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионатындағы кезекті кездесуін өткізді. Уфадағы сәтсіз ойыннан кейін Михаил Кравец шәкірттері «Авангардпен» матчта жеңісті жолға оралуды көздеген. Алайда алаң иелері алғашқы минуттардан-ақ басымдықты өз қолына алып, қазақстандық клубтың Омбыдан ұпай алып қайтуына мүмкіндік бермеді, деп хабарлайды Sports24.kz.

Кездесудің алғашқы кезеңі «Барыс» үшін сәтсіз өтті. 11-минутта Джошуа Ливо Лажуа мен Маклаудтың нәтижелі пастарынан кейін есеп ашты. Көп ұзамай канадалық шабуылшы сан басымдығын тиімді пайдаланып, екінші шайбасын соқты.

Осылайша, алғашқы үзіліске дейін «Авангард» екі шайба айырмасымен алға шықты. Айта кетейік, бұл кездесуде «Барыстың» қақпасын Дмитрий Николаев қорғады. Омбыдағы ойын ол үшін астаналық клуб сапындағы алғашқы матч болды.

Екінші кезең басталғаннан кейін де алаң иелері шабуылын үдете түсті. Кезеңнің үшінші минутында Игорь Потуральски есепті 3:0-ге жеткізіп, қонақтардың жағдайын одан әрі қиындатты.

«Барыс» 32-минутта жауап қайтарды. Ансар Шайхмедденов Данияр мен Маккошеннің нәтижелі пастарынан кейін қарсылас қақпасына шайба соғып, есеп айырмасын қысқартты.

Алайда бұл гол ойын барысын өзгертуге жеткіліксіз болды. Үшінші кезеңде қос команда да нәтижелі шабуыл ұйымдастыра алмады. Осылайша, «Авангард» 3:1 есебіндегі басымдығын соңғы ысқырыққа дейін сақтап қалды.

ҚХЛ. 20 қараша
«Авангард» – «Барыс» – 3:1 (2:0, 1:1, 0:0)
Шайбалар:
Ливо (10:11, 14:25), Потуральски (21:09) – Шайхмедденов (31:11).

Омбыдағы жеңіліс «Барыс» үшін соңғы үш күндегі екінші сәтсіздік болды. Бұған дейін Михаил Кравец шәкірттері «Салават Юлаевқа» 3:5 есебімен жол берген еді. Ал сырт алаңдағы кездесулердің алдында астаналықтар өз мұз айдынында қатарынан екі рет жеңіске жеткен болатын.

Қазақстандық клуб алдымен Владивостоктың «Адмиралын» 4:2 есебімен ұтып, кейін Магнитогорскінің «Металлургінен» 5:4 есебімен басым түсті. Дегенмен сол жеңісті қарқынды сырт алаңдағы ойындарда жалғастыра алмады.

Енді «Барыс» 22 қарашада Минскінің «Динамосын» қабылдайды. Кездесу Астанада өтеді.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie