Дастан Сәтпаевтың «Челсимен» келісімшартының егжей-тегжейі белгілі болды
«Челси» Дастан Сәтпаевпен ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойғанын ресми түрде жариялады. Қазақстан құрамасының 18 жастағы шабуылшысының лондондық клубпен келісімі 2033 жылға дейін есептелген, деп хабарлайды Sports24.kz.
Осылайша, «Челси» қазақстандық футболдың басты таланттарының бірімен бірден жеті жылға келісім жасасты. Бұған дейін британдық БАҚ келісімшарт «6+1» жүйесі бойынша жасалатынын жазған еді. Енді лондондық клуб оның нақты мерзімін өзі жариялады - Сәтпаевтың келісімі 2033 жылға дейін күшінде болады.
Алайда Англияға толыққанды көшкеннен кейінгі алғашқы маусымын Дастан Лондонда өткізбейді. «Челси» келісімшарт туралы хабарлаған тұста Сәтпаевтың маусым соңына дейін «Бернлиге» жалға берілгені де ресми түрде белгілі болды.
Лондондық клуб жалға алу кезеңінде де қазақстандық футболшының дамуын жіті бақылап, оған қолдау көрсететінін атап өтті.
«Челсидегілердің» барлығы Дастанға сәтті маусым тілейді. Біз оның дамуын бақылап, қолдау көрсетеміз. Сәттілік, Дастан!» - делінген клуб мәлімдемесінде.
«Бернлиге» ауысқанға дейін Сәтпаев «Челсидің» негізгі командасымен танысып үлгерді. Қазақстандық футболшы лондондықтармен бірге Австралия мен Азиядағы маусым алдындағы турнеге қатысып, төрт жолдастық кездесуде алаңға шықты.
Дастан «Челси» сапындағы алғашқы голын «Вестерн Сидней Уондерерс» клубына қарсы ойында соқты. Қазақстандық шабуылшы кездесудің жетінші минутында мергендігімен көзге түсті.
Сәтпаев - «Қайрат» футбол мектебінің түлегі. Ол алматылық клубтың негізгі құрамында 15 жасында дебют жасап, барлығы 58 матч өткізіп, 26 гол соқты. Сондай-ақ жас шабуылшы Чемпиондар лигасында да өнер көрсетіп үлгерді.