Дастан Сәтпаев «Бернлидегі» дебютіне пікір білдірді
Дастан Сәтпаев «Бернли» сапындағы дебютіне пікір білдірді. 18 жастағы шабуылшы Чемпионшиптің екінші турында «Вест Бромвичке» қарсы матчта жаңа командасы үшін алғаш рет алаңға шықты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Кездесуден кейін «Бернлидің» баспасөз қызметі қазақстандық футболшыға арнайы жазба арнап, Сәтпаевтың клуб тарихындағы Қазақстаннан шыққан алғашқы ойыншы болғанын атап өтті.
Дастан да бұл жазбаны әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісіп, мансабындағы жаңа кезеңге қысқаша пікір қалдырды.
«Алда ең жақсы күндер күтіп тұр», - деп жазды Сәтпаев.

Қазақстандық форвард «Вест Бромвичке» қарсы кездесудің 57-минутында алаңға шықты. Ол ойынды қосалқы құрамда бастап, екінші таймда «Бернли» жейдесіндегі алғашқы ресми минуттарын өткізді.
Сәтпаев гол немесе нәтижелі паспен көзге түсе алмады. Дегенмен шабуылшы команданың алдыңғы шептегі ойынына белсенді араласып, доппен жиі жұмыс істеп, шабуылды үдетуге тырысты.
Матч «Бернли» үшін сәтсіз аяқталды - команда 1:3 есебімен жеңілді. Соған қарамастан, бұл кездесу Сәтпаев үшін тарихи болды. Ол «Бернли» сапында ойнаған алғашқы қазақстандық қана емес, Чемпионшипте алаңға шыққан Қазақстанның тұңғыш өкілі атанды.
Ойыннан кейін ағылшын клубының жарияланымына қазақстандық жанкүйерлер көп пікір қалдырды. Олар Дастанға сәттілік тілеп, алдағы матчтарда оның көбірек ойын уақытын алатынына үміт білдірді.
Сәтпаев 2026/27 жылғы маусымды «Челсиден» жалға алу негізінде «Бернлиде» өткізіп жатыр. Ресми маусым басталғанға дейін ол лондондық клубпен бірге маусым алдындағы дайындықтан өтіп, «Вестерн Сиднейге» қарсы жолдастық кездесуде «Челси» сапындағы алғашқы голын соққан еді.