locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Самат Смақов Қазақстан құрамасының ойынын бағалады

«Атыраудың» бас бапкері Самат Смақов Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасындағы нәтижелеріне пікір білдіріп, алдағы екі кездесуден не күтетінін жеткізді
Самат Смақов Қазақстан құрамасының ойынын бағалады
ФОТО: KFF

Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны, қазіргі «Атырау» клубының бас бапкері Самат Смақов ұлттық команданың Ұлттар лигасындағы сәтсіз өнеріне қатысты ойын айтты. Маманның пікірінше, қазақстандық футболшылар өз алаңындағы кездесулерде бұдан да жақсы нәтиже көрсетуі керек еді, деп хабарлайды Sports24.kz BirinshiBol басылымына сілтеме жасап.

«Фарер аралдары мен Молдоваға қарсы өз алаңымыздағы матчтарда ұпай алуымыз керек еді. Алайда жағдайға әділ баға беру үшін құраманың ішінде не болып жатқанын, футболшылардың қандай күйде екенін және бапкердің олармен қалай жұмыс істейтінін білу қажет. Әрине, нәтиженің болмауы жанкүйерлерді қынжылтады. Біздің жанкүйерлер әлемдегі ең шыдамды жанкүйерлердің бірі шығар. Құрама соларды бір қуантса екен деймін. Енді Молдоваға қарсы сырт алаңда жағдайды түзеп, артынша өз жерімізде Словакиямен лайықты ойын көрсеткенін қалаймын. Сол уақытқа дейін Чесноков пен Сәтпаев жарақатынан айығып, Кенжебек те қатарға қосылуы тиіс. Олар оралса, команданың ойыны да, көңіл күйі де өзгереді деп ойлаймын. Дегенмен бәрі футболшылардың өздеріне байланысты», – деді Смақов.

Еске салайық, Джон ван ’т Шкип жаттықтыратын Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының биылғы маусымында әзірге жеңіске жеткен жоқ. Төрт турда ұлттық команда Фарер аралдарымен екі рет тең ойнап (1:1, 2:2), Словакия (1:2) мен Молдоваға (1:2) есе жіберді.

Қоржынында екі ұпайы бар Қазақстан құрамасы С дивизионының үшінші тобында соңғы, төртінші орында тұр.

Ұлттық команда топтық кезеңдегі соңғы екі матчын қараша айында өткізеді. 13 қарашада қазақстандықтар сырт алаңда Молдовамен кездессе, 16 қарашада Астанада Словакияны қабылдайды.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie