Кукушкин Almaty Open турнирінде Циципасқа жеңіліп, мансабын аяқтады
Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин кәсіби мансабындағы соңғы турнирі болған Almaty Open ATP 250 жарысындағы өнерін аяқтады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстандық 38 жастағы ардагер Алматыда өтіп жатқан жарыстың екінші айналымында әлемнің бұрынғы үшінші ракеткасы Стефанос Циципасқа есе жіберіп, сенсация жасай алмады.
ATP рейтингінде 39-орында тұрған Циципас екі сетте жеңіл жеңіске жетті: 6:1, 6:2.
Турнирдің бірінші айналымында Кукушкин тағы бір грек теннисшісі Стефанос Сакелларидисті (7:6, 7:6) жеңді. Ол жарыстың негізгі сеткасына арнайы шақырту (wild card) арқылы қатысқан.
Бұған дейін Қазақстан теннисінің ардагері Almaty Open турнирінен кейін кәсіби мансабын аяқтайтынын мәлімдеген болатын. Осылайша, Циципасқа қарсы матч Кукушкин үшін үлкен теннистегі соңғы кездесу болды.
Айта кетейік, Кукушкин Қазақстан құрамасы сапында Дэвис кубогында 50 матч өткізіп, ел қоржынына 29 жеңіс әкелді.
Еске салайық, Almaty Open ATP 250 турнирі Алматыда 17-25 қазан аралығында өтіп жатыр. Бұл — Орталық Азия мен ТМД елдеріндегі осы санаттағы жалғыз жарыс.