Барлық билеттер сатылды: Астанада қызу футбол кеші күтілуде
Астаналық футбол клубы бүгін өтетін Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі «Астана» мен Швейцарияның «Лозанна» командалары арасындағы матчқа билеттер толық сатылғанын хабарлады. «Астана-Арена» стадионы жанкүйерлерге лық толмақ.
Кездесу 14 тамыз күні өтеді және жергілікті уақытпен сағат 19:00-де басталады. Алғашқы ойын Швейцарияда өтіп, Григорий Бабаян шәкірттері 1:3 есебімен жеңіліп қалған еді. «Астана» сапынан жалғыз голды Иван Башич соқты.
Биылғы еурокубок маусымында қазақстандық клуб өз жолын екінші іріктеу кезеңінен бастап, Молдованың «Зимбру» командасын екі матчтың қорытындысы бойынша 3:1 есебімен сенімді түрде ұтты. Ал «Лозанна» да осы кезеңнен бастау алып, Солтүстік Македонияның «Вардарын» жалпы есеппен 6:2 есебімен қапы қалдырды.