«Астана» еурокубоктан шығып қалуына байланысты қанша қаражат жоғалтты?
2025/26 маусымындағы еурокубоктық додада «Астана» футбол клубы Конференциялар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде өнерін тоқтатты.
Бұл кезеңде қазақстандық команда Швейцарияның «Лозанна» клубымен жолығып, қарсыласын өте алмады.
Швейцарияда өткен алғашқы кездесу «Астананың» 1:3 есебімен жеңілуімен аяқталды. Астанадағы қарымта ойында да алаң иелері 0:2 есебімен ұтылып қалды. Қос матчтың жалпы нәтижесі — 1:5, осылайша команда турнирмен қош айтысты.
Келесі кезеңге өте алмауы клубқа шамамен 300 мың еуро көлеміндегі ықтимал сыйақыдан қағылуына себеп болды. Дегенмен, бүкіл еуромаусымда «Астана» шамамен 900 мың еуро (566,6 млн теңге шамасында) табыс тапты.
Айта кетейік, астаналық команда Конференциялар лигасындағы жолын екінші іріктеу кезеңінен бастаған еді. Бұл сатыда «Астана» Молдованың «Зимбру» клубын (екі ойын қорытындысы бойынша 3:1) жеңіп, «Лозаннаға» қарсы шығуға мүмкіндік алған болатын.