«Қазақстанды басқа елдермен салыстыруға болмайды». Бьорн Йонсен атмосфераға тәнті болып, «Ордабасыны» отбасым деп атады
«Ордабасы» шабуылшысы Бьорн Йонсен Sports24.kz тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында «Ордабасыдағы» алғашқы күндердегі әсерімен бөлісіп, клубтағы ерекше атмосфераны атап өтті.
Шымкенттік «Ордабасының» жаңа ойыншысы Бьорн Йонсен клубтағы және стадиондағы атмосфераны жоғары бағалап, жанкүйерлер мен команда айналасындағы оқиғалар оған зор әсер қалдырғанын жеткізді.
«Жанкүйерлер нағыз керемет, ал концерт атмосфераға ерекше әсер сыйлады. Клубтың дамуға ұмтылып, жаңа нәрселер жасап жатқанын көруге болады. Мен гол соғып, командамды алға сүйреуді қаладым», – деді Йонсен.
Сондай-ақ, шабуылшы Қазақстандағы футбол атмосферасын басқа елдермен салыстырып, мұндағы адамдардың ерекше көңіліне назар аударды.
«Қазақстанды басқа елдермен салыстыруға болмайды (күлді). Мұнда өте жақсы, ашық-жарқын адамдар бар. Біздің командамыз нағыз отбасыға айналды, балаларымыз бірге ойнайды. Орда – бұл отбасы. Біздің мақсатымыз – жақсы ойнап, жеңіске жету», – деп толықтырды шабуылшы.
Еске салсақ, шымкенттік «Ордабасы» өз алаңында ақтаулық «Каспийді» жеңіп, турнирлік кестеде көш бастады.
Бьорн Йонсен осы трансферлік терезеде «Ордабасы» сапына қосылып, шымкенттік клуб үшін алғашқы ойындарын өткізіп үлгерді.